Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 29 тамыз 2021 13:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 23-29 тамыз аралығындағы осы кадрлық өзгерістерге шолу ұсынады.

Апта басында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен Қосшы қаласының әкімі тағайындалды.

Ғайдар Қасенов – Атбасар ауданының тумасы. С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетті, Халықаралық бизнес академиясын тәмәмдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастаған.

2001 жылдан 2006 жылға дейін коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2006-2008 жылдары Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары, кейін аудан әкімі қызметтерін атқарған.

2008-2015 жылдары «Қазтеміртранс» АҚ Корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті болып жұмыс істеді. Тағайындалғанға дейін Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі болып еңбек етті.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Батырбек Бердібайұлы Байбосынов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Осылайша Ермек Сағымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымынан босатылды.

Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев 1967 жылғы 11 қазанда туған. Қазақ политехникалық институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы бойынша тау-кен электр инженері, заңтану бакалавры.

2021 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистратурасын «Мемлекеттік күзет саласындағы менеджмент» мамандығы (біліктілігі: күзет іс-шараларын ұйымдастыру) бойынша тәмамдап, «Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі» академиялық дәрежесі берілді.

1985 жылдан 1987 жылға дейін КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті.

1994-2006 жылдар аралығында ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел бөлімшелерінде басшы және офицерлік лауазымдарда қызмет өткерді. 2006-2019 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде басшы лауазымдарды атқарған.

2019 жылғы мамырда Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

2021 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2021 жылғы шілдеден Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығы лауазымын уақытша атқарды.

2020 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен генерал-майор атағы берілді.

ІІІ, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен марапатталған. ҚР МКҚ құрметті қызметкері және «Елбасы қорғаны» төс белгісінің иегері болып табылады.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімімен Жасұлан Аманжолұлы Сәрсембай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы болып тағайындалды.

Бұдан бұрынғы Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы қызметін атқарған Батырбек Байбосынов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімімен басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Азамат Батырқожа ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметінен босатылды.

Азамат Байқуанышұлы Батырқожа 1972 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1995 жылы жеке компаниядағы қауіпсіздік бөлімінің арнайы технигі болып бастаған. 1997-1999 жж. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде жұмыс істеді. Түрлі жылдары жеке компанияларда және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді, ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде түрлі лауазымдар атқарды.

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап қазірге дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарды.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасын Әйгерім Қабылтаева басқаратын болды.

Әйгерім Қабылтаева 1984 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келген. 2005 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Химия» мамандығы бойынша тәмамдап, 2010 жылы осы жоғары оқу орнында «Экология» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болды. Әйгерім Жаңбыртайқызы 2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте істейді. Павлодар облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында, Ертіс экология департаментінде жетекші маман болған. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасында бөлім басшысы болып жұмыс жасады. 2016 жылдан бастап осы басқармада басшы орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

Ғалымжан Пірматов «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен 2 қыркүйектен бастап өз еркімен кететінін мәлімдеді.

Әзірге оның міндетін компанияның ядролық отын циклі жөніндегі бас директоры Мәжит Бейсембайұлы Шәріпов атқарады.

Ғалымжан Олжайұлы 2015 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіпте түрлі лауазымдарды атқарған.

Ал Мәжит Шәріпов мемлекеттік қызметте және жеке секторда түрлі лауазымдарда, оның ішінде ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің ядролық энергетика және атом өнеркәсібі департаментінің директоры, ҚР Атом энергиясы агенттігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры және Атом энергиясы комитетінің төрағасы лауазымдарында 31 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Игорь Рогов Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия құрамына енгізілді.

Өткен аптада «Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 19 наурыздағы № 1042 Жарлығына өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы Адам құқықтары жөніндегi комиссияның құрамына енгізілді.

Сонымен қатар, Президент жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы өзгерді.

ҚР Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, төраға (келісім бойынша) Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров енгізілді. Сондай-ақ комиссия құрамынан И.И.Рогов шығарылды.

Апта соңында «Қазпошта» басқарма төрағасы қызметінен кетті.

27 тамызда «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасы «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаевтың өз уәкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішін қарап, 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқаруды Серік Саудабаевқа жүктеу туралы шешім қабылдады. Серік Саудабаев 1977 жылы туған. Жоғары экономикалық және жоғары заңгерлік білімі бар.

2010 жылдың маусым айынан бастап осы уақытқа дейін, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Қазақтелеком» және «Қазпошта» сияқты активтеріне жауапты салалық дирекциясын басқарды.

2010-2014 жылдар аралығында және 2016 жылдан осы уақытқа дейін Серік Саудабаев – «Қазпошта» АҚ директорлар Кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар Серік Саудабаев – «Қазақтелеком» АҚ мен «Kcell» АҚ директорлар Кеңесінде акционер мүддесінің өкілі және «QazCloud» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі.


Жоғары қарай