Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 25 қазан 2020 11:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысының өкімімен бірқатар лауазым иелері тағайындалды. Мұнан өзге де тағайындаулар жергілікті және орталық атқарушы органдарда орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі кадрлық ауыс-түйіске шолу ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімдерімен Қорғаныс министрінің екі орынбасары тағайындалды.

Дарын Шылбынұлы Тұяқов пен Мұхамеджан Қадіржанұлы Таласов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне бекітілді.

Осы аптаның ортасында Президенттің өкімдерімен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасарлары тағайындалды. Рустам Нұрланұлы Ахметов ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне; Марат Талғатұлы Омаров ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне; Болат Қуанышбекұлы Сәмбетов Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне бекітілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өкімімен Сәбит Нұрлыбай ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Биахметов Асқар Сақтағанұлы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшының орынбасары болып тағайындалды.

Асқар Биахметов 1975 жылы Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, ҚАЗГЗУ «Құқықтану» мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы МБА ҰМСМ магистратурасын «Саясаттану» мамандығы бойынша және Дьюк университетін бітірген. 1993–2004 жж. — облыстық қаржы басқармасында, «Профилакторий» ПК, Салық комитетінде, қалалық әкімдікте, сондай-ақ Ақтөбе облысының қазынашылық және қаржы басқармаларында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2019–2020 жж. — ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі.

Бұл аптада ҚР Үкіметінің Қауылысымен Ахметжанов Әнуар Мұратұлы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Әнуар Ахметжанов 1975 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2000 жылы Джонс Хопкинс университетін бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика және сыртқы экономикалық қызмет кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

2019 жылдың тамыз айынан бастап қазірге дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.

ҚР Үкіметінің Қауылысымен Азамат Кемеңгерұлы Әмрин ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Азамат Әмрин 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша экономист-менеджер, құқықтану бакалавры. Еңбек жолын 1989 жылы Корнеев кеңшарында жұмысшы болып бастады.

2015 жылғы қаңтардан бастап қазірге дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры болып еңбек етті.

ҚР Үкіметінің Қауылысымен Әсем Бекқызы Нүсіпова Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Әсем Нүсіпова 1975 жылы Алматы қаласында туған. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «экономика» мамандығы бойынша, 1998 жылы осы университеттің магистратурасын бітірген. 2001-2003 жж. — Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы, сектор меңгерушісі.

2016-2019 жж. — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2020 ж. — «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ бас консультанты. 2020 жылғы шілдеден бастап қазірге дейін — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Арман Сәбитов тағайындалды.

Арман Сәбитов 1984 жылы Шымкент қаласында туған, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік аудитор. Еңбек жолын «Азаматаудит» ЖШС аудиторлық мекемесінде аудитордың ассистенті болып бастаған.

2019 жылдан бері Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Мемлекеттік инспекторы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарып келген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрығымен Рафхат Бисенов агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметіне тағайындалды.

Р. Бисенов 1983 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Қазақстан тарихы», 2014 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 2016 жылдан бастап осы кезге дейін аталған департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Асхан Байдуәлиев тағайындалды.

Асхан Мархабайұлының мамандығы – дәрігер-уролог, медицина ғылымдарының кандидаты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Еңбек жолын аталған университеттің урология және жедел нефрология кафедрасында ассистент болып бастаған.

Осы тағайындауға дейін Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, басшысының міндетін атқарушы болды.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай