Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 9 тамыз 2020 11:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада бірнеше министрлік пен облыс әкімдіктерінде жаңа тағайындау болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстандағы апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар шолуын ұсынады.

Мемлекет басшысының өкімімен Сәкен Сейтжаппарұлы Сәрсенов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Сәкен Сейітжаппарұлы 1977 жылы 2 ақпанда Шымкент облысында дүниеге келді. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірген, «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша инженер. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген, Қазақстан Республикасы радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау мәселесімен айналысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

2012-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінде болды. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (09.04.2014-13.08.2014); ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы (08.2014 бастап) лауазымдарын атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі болған. 2017 жылдың ақпанынан 2020 жылға дейін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы болды.

***

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Әнуар Серқұлұлы Жұмаділдаев ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Әнуар Жұмаділдаев 22 қыркүйекте Қызылорда облысында дүниеге келген. Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. 2005 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің Алкоголь, темекі және акциздеуге жататын басқа да өнімдерді әкімшілендіру басқармасының бастығы болып еңбек етті. 2009 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы лауазымына ауыстырылды. Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетін және Қаржылық бақылау комитетін басқарды. 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы болды.

***

Дәурен Сәбитов ЕЭК Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры болып тағайындалды.

Дәурен Қуанбекұлы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін аяқтаған. 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік саясаты және логистика департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 2017 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары болды.

***

Шахмардан Асқарұлы Байманов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Шахмардан Байманов 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, 2012 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар істері жөніндегі көмекшісі болып бастаған. 2007-2008 жылдары — Қызылорда облысының «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры.

2015-2017 жылдары — «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы. 2017-2019 жылдары — Қызылорда қаласының әкімі орынбасарының міндетін атқарушы, қала әкімінің орынбасары. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

***

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып Омар Бержанов тағайындалды.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары, Қызылорда облысы ТЖД бастығы қызметтерін атқарған. ІІІ, ІІ, І дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен және тағы басқа көптеген марапаттарға ие болған.

***

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасына Өмірзақ Ниязбеков басшы болып тағайындалды.

Өмірзақ Әбілсейітұлы 1966 жылы туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы Алакөл орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде хирург болып бастаған.

2018 жылдың шілдесінен Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

***

Облыс әкімінің өкімімен және БҚО мемлекеттік қызмет істері бойынша уәкілетті органның келісімімен ротация қағидасы аясында Берік Есенғалиев облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Берік Абатұлы 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының магистрі дәрежесі бар.

Әр жылдары «Құрмет» ЗЖҚ БҚО филиалының зейнетақы қоры жөніндегі маманы, аймақтық директоры, өңірдегі түрлі кәсіпорында басшылық қызметте болды. Сондай-ақ Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары, осы ауданның әкімі, БҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, 2017 жылдан БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай