Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 15 наурыз 2020 13:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақстанның Польшадағы Елшісі тағайындалып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, өңірлік атқарушы билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына осы тағайындауларды ұсынады.

Аптаның басында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Шәкәрім Бұқтығұтов облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол «ШҚО өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарып келген.

Шәкәрім Бұқтығұтов 1961 жылы 8 наурызда Көкшетау қаласында дүниеге келген. 1985 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын «инженер-механик», сондай-ақ Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын слесарь, кейін «Өскемен жабдықтау» басқармасының бас механигі болып бастаған. 2015 жылдан 2020 жылға дейін «ШҚО өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы« АҚ Басқарма төрағасы қызметінде болды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы ауысып жатыр. Басшылыққа келген 32 жастағы Мәріпбек Шәкербекұлы Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылының тумасы. 2006 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, 2013 жылы «Қайнар» университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006-2010 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, 2012-2014 жылдары «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ-да түрлі қызметтер атқарған. «Атамекен» ҚР ҰКП-да 2014 жылдың тамыз айынан бастап еңбек етіп келеді. 2017 жылдан осы уақытқа дейін Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы лауазымын атқарған.

Ал Қазақстанның батыс аймағында «Атырау-ақпарат» ұжымына жаңа директорды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисенбиев таныстырды. Медиахолдингтің басшылығына Әлібек Татанов келді.

Әлібек Жартайұлы еңбек жолын 1978 жылы Ақтөбе облысының Талдық ауылында механизатор болып бастаған. 1983-1985 жылдары Совет әскері қызметінде болып, «Кеңес әскері» газетінің Орталық әскер тобы бойынша Чехословакиядағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. 2006-2008 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының, 2008-2009 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, Астана қаласындағы «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Астана филиалының жетекшісі болды. 2010-2013 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қызметін атқарды. 2013-2017жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Қостанай облыстық филиалының, 2017 жылдың 29 наурызынан «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры болған.

Аптаның соңына қарай мәжілісмен Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне келді. Ол 1999-2001 жылдары Атырау облыстық телерадио-ақпараттық компаниясының дикторы, редакторы, 2001-2004 жылдары Атырау мұнай және газ институтының қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушысы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің элитарлық мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. 2004-2005 жылдары «Рахат ТВ» Атырау телерадио хабарларын тарату филиалы қазақ редакциясының тілшісі, 2005-2016 жылдары Атырау Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры болған. 2016 жылғы 24 наурыздан алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

11 наурызда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Асхат Дауылбаевты ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі қызметіне тағайындау туралы қаулы қабылдады.

А. Дауылбаев құқық қорғау саласында, оның ішінде прокуратура органында көп жылдар бойы еңбек еткен білікті әрі тәжірибелі тұлға. Ол 1987 жылы Свердловск заң институтын үздік бітіргеннен соң еңбек жолын Алматы қаласының прокуратурасында бастап, Алматы қаласының бірқатар аудандарында прокурордың орынбасары, Алматы қаласы төрелік сот төрағасының орынбасары секілді лауазымдарды атқарды. 1997 жылы ҚР Әділет вице-министрі болды. 2001 жылы ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалып, ол қызметте 2011 жылдың сәуіріне дейін қызмет етті.

2011-2016 жылдары ҚР Бас прокуроры қызметін атқарды.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында Жамбыл және Айыртау аудандарына жаңа әкімдер тағайындалды. СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысының өкімімен Марат Ескендіров Жамбыл ауданының әкімі болды. Еңбек жолын 1983 жылы СҚО-ның Сергеев ауданындағы Ибраев ауылындағы ауыл шаруашылығы ұйымында жұмысшы болып бастаған. Әртүрлі жылдарда Қостанай облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Екібастұз, Павлодар қалаларында салық саласында еңбек етті. 2018-2019 жылы СҚО Қызылжар ауданы әкімі аппаратында қызмет еткен.

Ал Айыртау ауданына әкім болып Дархан Әмрин тағайындалды.

Дархан Өмірсерікұлы 1990 жылы СҚО Сергеевка қаласында дүниеге келген. 2011 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетті экономика мен бизнес бакалавры, экономика ғылымдарының магистрі бойынша бітірген. Әртүрлі жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-да еңбек етті. Бұл тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып қызмет еткен.

Ауыс-түйіс Қостанай облысында да болды. Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жаңа басшы келді. Жаңа басшысыны облыс активіне Архимед Мұхамбетов таныстырды. Дәурен Қазизұлы Асқаров бұған дейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болған.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 10 наурыздағы №119 бұйрығымен Данара Қизатқызы Әлімбаева «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры лауазымын иеленді.

Динара Қизатқызы Әлімбаева 1977 жылы 8 тамызда дүниеге келген, «метеорология» және «қаржы» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі, сондай-ақ «қолданбалы экология» бағыты бойынша магистр дәрежесі бар. Еңбек жолын 2002 жылы «Қазгидромет» РМК-да техник-метеоролог лауазымынан бастады. 2003-2009 жж. инженер-метеоролог, 1 санатты инженер-метеоролог, жетекші инженер метеоролог, Метеорология басқармасының басшысы болды.

2011-2015 жж. Метеорология департаментінің директоры, 2015-2017 жж. Экологиялық мониторинг департаментінің директоры лауазымында қызмет атқарды. 2017 жылғы 18 қыркүйектен бастап «Қазгидромет» РМК Бас директорының орынбасары болған.

Сондай-ақ ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Ербол Сағдиев «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін басқаратын болды.

Ербол Болатұлы 1961 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Өндіріс ауылында туған. 1983 жылы Алматы зооветиринарлық институтын «Зооинженер» мамандығы бойынша, 2010 және 2015 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрылыс бакалавры, орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының әкімі болып жұмыс істеді. «Парасат», «Құрмет», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Зеренді ауданының құрметті азаматы», «Мәдениет қайраткері» ордендарымен және басқа да медальдармен марапатталған.

Ал Ақтөбеде облысы әкімі көктемді жаңа екі орынбасарымен қарсы алғалы отыр. Нұржауған Қалауов облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына және ҚР Президентінің жастар кадр резервіндегі Руслан Хамбаров облыс әкімінің экономикалық сұрақтары бойынша орынбасары болып тағайындалды.

Батыс Қазақстан облысында да бірқатар кадрлық тағайындау болды. БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларына жаңа басшы келді.

Конкурстық комиссия шешімі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісіміне сәйкес Қаймен Есендияров БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Қаймен Есенаманұлы 1967 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын және Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдаған.

Сол секілді конкурстық комиссия шешімі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісіміне сәйкес Болатбек Каюпов БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Болатбек Амангелдіұлы 1969 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Ақтөбе қалалық ауруханасы реанимациялық бөлімшесінің мейіргері, Орал облыстық клиникалық ауруханасында дәрігер-травматолог, дәрігер-хирург, «Талап» АҚ дәрігер-хирургы, БҚО онкология диспансері хирургия бөлімінің меңгерушісі болды.

Осы аптада сонымен қатар Мемлекет басшысының Өкімімен Қайрат Сүнтаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол еңбек жолын 1979 жылы Павлодар облысында Комсомол жастар бригадасында тас қалаушы болып бастаған. 1992-1993 жылдары – Павлодар облысы Краснокутск ауданы прокуратурасының тергеушісі болған.


Жоғары қарай