Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді

2022 жылдың 15 мамыр 2022 16:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиге арнайы ұшып барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бин Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл - Қазақстанның шынайы досы болған шейх Халифаға деген Мемлекет басшысының құрметі. Өйткені, ол аймақтық және халықаралық қоғамдастықтағы еліміздің бастамалары мен ірі жобаларына әрдайым жан-жақты қолдау көрсетті.

Мәселен, Шейх Халифа Зайд Әл Нахаян Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп құрылысына 13 миллион доллар, Шымкенттегі перинатальді орталыққа 25,5 миллион доллар, сондай-ақ «Қарағанды-Нұр-Сұлтан» автожолын қайта жөндеуге 22 миллион доллар грант бөлді.

Коронавирус пандемиясының қиын-қыстау кезінде Әмірліктер Қазақстанға бірінші болып көмек қолын созды. Атап айтқанда, 100 тонна медициналық бұйым мен қорғаныш заттары, арнаулы киімдер және басқа да құрал-жабдықтар жіберді. Шейх Халифаның қолдауымен Қазақстан мен Әмірліктер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамыды», - деп жазды Р. Желдібай.

Сонымен қатар ол 2005-2021 жылдар ішінде Әмірліктерден Қазақстанға тартылған жалпы тікелей инвестиция 2,6 миллиард долларды құрады деді.

«Бүгінде Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, Елордада құны 1,6 миллиард долларды құрайтын көпфункционалды «Абу Даби Плаза» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – аса ірі екіжақты инвестициялық жоба.

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қазақстандықтар шейх Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қасру-л Мушриф» Президент сарайында жаңадан сайланған БАӘ Президенті Мұхаммад ибн Заид Әл Нахайянды құттықтап, оның жұмысына сәттілік, халқына өркендеу тіледі. Айта кетерлік жайт, бүгін Біріккен Араб Әмірліктеріне басқа да әлем лидерлері келіп көңіл айтып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон, Франция Президенті Эммануэль Макрон, АҚШ вице-президенті Камала Харрис және т.б. лауазымды тұлғалар», - деді Руслан Желдібай.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты осы елдің жаңадан сайланған Президенті, Абу Дабидің билеушісі шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянға және билеуші әулеттің мүшелері мен Әмірліктер халқына көңіл айту үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне келді.



Жоғары қарай