Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар ұйымдарының нетворкингі» жобасы мәреге жетті

2019 жылдың 5 қазан 2019 12:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Bolashaq» Қауымдастығының ұйымдастыруымен «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның 17 аймағын қамтыған жобаға жалпы саны 1000-нан астам белсенді жас, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ресурстық орталығы өкілдері қатысты.

Жастар жылындағы ең ірі жобалардың бірі еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда бастау алып, Орал, Алматы, Шымкент және Павлодар қалаларында жалғасты. Қатысушылар жастар саясатындағы маңызды мәселелер, бизнес бастаудағы негізгі қағидалар мен жастар ҮЕҰ тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, олар өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісіп, жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыру жолдарын пысықтады.

Шара аясында Нұр-Сұлтанда Қазақстан-АҚШ жастарының форумы ұйымдастырылды. АҚШ-тан арнайы келген азаматтар спикерлер қатарында болып, нетворкингке белсене араласты. Олар Америка жастар саясатындағы өзекті мәселелерді талқылап, өз тәжірибелеріндегі басты артықшылықтарды тілге тиек етті. Спикерлер әлемде жастар арасындағы түйткілді проблемалар бір-біріне ұқсас екенін айта келіп, оны шешу жолында әлем жастары күш біріктіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірлескен жобалар ұйымдастыруға ниет білдірді.

«Бір ай көлемінде ұйымдастырылған шараға еліміздің ең белсенді жастары қатысты. Шараның аты айтып тұрғандай, нетворкинг – жастарды бір арнаға тоғыстыратын үлкен алаң. Жоба аясында жастар үшін түрлі семинар, терениг, мастер-класстар ұйымдастырылды. Онда жастардың келешекте табысты қызмет атқаруына өз септігін тигізетін маңызды ақпараттар айтылды деп ойлаймын. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, шараға белсенді атсалысқан барша қатысушыларға және жастармен пікір алмасып, өздерінің өмірдегі және қызметтегі озық тәжірибесін бөліскен спикерлерге ерекше алғысымды айтамын», - дейді «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова

17 аймақты қамтыған нетворкингке елімізге танымал спикерлер де қатысты. Нақтырақ айтсақ, аймақ басшылары, жастар саясатында белсенді қызмет атқарып жүрген көшбасшы азаматтар, танымал тележүргізушілер, блогерлер, «Bolashaq» бағдарламасы түлектері және белгілі кәсіпкерлер семинар-тренингтер өткізді.

Атап айтсақ, шараға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімі орынбасары, «Bolashaq» Қауымдастығы Кеңесінің Төрағасы Бақтияр Мәкен, Шымкент қаласы әкімі Ерлан Айтаханов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.

Шараға қатысушылар елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан жобаға қолдау білдіріп, алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрса деген ұсыныс білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, «Bolashaq» Қауымдастығы аталған жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.




Басты сөздер: Қоғам, Жастар,
Жоғары қарай