Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 20:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңесте Еңбек министрлігінің өкілдері Қазақстанда көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасын таныстырды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен шараға ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, жергілікті атқарушы органдардың, медициналық, әлеуметтік мекемелердің, әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің өкілдері қатысты.

Онлайн режимдегі жиын барысында Аружан Саин қазіргі таңда қоғам өміріне жүйелі өзгерістер еніп жатқанын, олардың ұлттық жоспарда көрініс тапқанын атап өтті.

«Біз балалардың мүгедектігін азайту жөніндегі жол картасын қабылдадық. Одан бөлек скринингтік диагностика сатысында қажетті медициналық және педагогикалық көмек алу үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсету жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылданды. Бұл дегеніміз балалардың төлемдерге, техникалық оңалту құралдарына және әлеуметтік қызметтерге мұқтаждығын төмендетуге ықпал етуі тиіс. Жол картасы 3 жылға есептелген, оны келесі жылдан бастап іске асырамыз. Бізді барлық мүдделі орган қолдайды деген үміт бар, өйткені бұл бәрімізге ортақ іс. Шешілуі қажет маңызды міндеттердің бірі - әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен жағдайы. Егер біз кәсіби кадрларды тартпасақ, адамдардың өз жұмысына деген ынтасын қолдамасақ өзгеріс жасау қиын. Сондықтан мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді толықтай құптаймын және мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалаймын», – деп атап өтті Аружан Саин.

Сондай-ақ, кеңес барысында Ұлттық жоспар жобасы бойынша министрліккке қарасты Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» бағыты белгіленгенін атап өткім келеді. Осы жұмыс шеңберінде бізде Әлеуметтік жұмыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес жұмыс істейді. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурс орталығы құрылды. Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді, барлық өңірде отбасын қолдау орталықтары құрылды», – деді спикер.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тесттен өтіп жатыр. Осы жылдың 5 желтоқсанына дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда. Тест әлеуметтік қызметкерлердің базалық білім деңгейін анықтау үшін өткізіледі. Содан кейін олар оқытылады.


Жоғары қарай