Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда АИТВ инфекциясы бар балаларды қолдауға бағытталған жаңа жоба іске қосылады

2020 жылдың 20 қараша 2020 14:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда АИТВ инфекциясы немесе басқа да созылмалы аурулары бар балаларға кәсіпкерлік машықтарын үйрететін арнайы жоба іске қосылады.Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірге АИТВ инфекциясы және басқа да созылмалы аурулары бар балалардың, олардың әке-шешесі мен асырап алушыларының әлеуметтік-экономикалық осалдығын бәсеңдетуге бағытталған арнайы жобаны әзірлеп жатыр. Жоба аясында Жұмыспен қамту орталықтарының, ЖИТС-тің алдын алу орталығының, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету ұйымдарының мамандары оқытылады. Осылайша аталған санаттағы балалардың әлеуметтік инновациялар мен кәсіпкерлік түрлері бойынша үздік әдістемелер негізінде машықтарын жетілдіру көзделген. Жобаны бастап кетуге 80 пайыз деңгейде дайынбыз. Келесі жылдан бастаймыз», - деді Ерлан Әукенов «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр сонымен қатар ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктерге АИТВ инфекциясы бар балаларға жәрдемақы беруге кеңес бергенін айтып өтті.

«Қазіргі таңда 12 өңірде бұл жәрдемақы жүйесі жолға қойылған. Қалған өңірлерде нормативті-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Жалпы АИТВ инфекциясы бар 508 баланың 379-ы қазірдің өзінде тұрақты түрде жәрдемақы алып жатыр. Бірақ бұл ретте кейде ата-аналардың өздері жәрдемақы алудан бас тартып жатады», - деді ол.


Жоғары қарай