Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Қазақстанда 500-ден астам адам пара бергені үшін сотталған

2020 жылдың 9 сәуір 2020 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы 3 жылда елімізде пара бергені үшін 586 адам сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов онлайн-брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, 2017-2019 жылдары және осы жылдың 3 айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пара беру фактісі бойынша 915 қылмысты тіркеді. Соңғы 3 жылдағы динамика пара берушілерге қатысты қылмыстарды тіркеу фактілерінің өскендігін айғақтайды. Нақты айтқанда, 2017 жылы – 255, 2018 жылы – 232, 2019 жылы – 342, ал осы жылдың 3 айында ғана 86 факті тіркеліп отыр.

«Пара бергені үшін 586 адам сотталды (2017 жылы – 165, 2018 жылы – 198, 2019 жылы – 187, осы жылдың 3 айында - 36). Оның ішінде 147 адамды бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. 352 адамға айыппұл салынып, 65 адамға қатысты бас бостандығын шектеу қолданылды», - деді Қ. Жапақов.

Аппарат басшысының айтуынша, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан айырылған.

«Талдау көп жағдайда жеке компания өкілдері пара беруші болатындығын көрсетіп отыр. Олар кәсіпкерлік қызметті қолайлы жүзеге асыру немесе мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою мәселелерін лауазымды тұлғаларды парамен сатып алу арқылы шешеді», - деді ол.

Мысалы, 2019 жылы қазан айында «Гренада» ЖШС директоры А.Громченко Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі А.Қисықовқа орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілерін кедергісіз қабылдау үшін 7 млн теңге сомасында пара бергені үшін бас бостандығынан айырылған.


Жоғары қарай