Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда 2020 жылы интернеттегі 73 мың деструктивті материал бұғатталған

2021 жылдың 26 мамыр 2021 16:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы интернеттегі 73 мың деструктивті материал бұғатталды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттың жаны мен санасына нәр беретін үлкен факторлардың бірі бұл – әрине, дін саласы. Біз – көп конфессиялы мемлекетпіз. Елімізде 18 діни бағытта 3 848 бірлестік ресми тіркелген. Міне, министрлік өз құзыреті шегінде олардың әрбірімен тығыз жұмыс істеп келеді. Десе де, халқымызда: «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөз бар. Оның шынайы мәнін біз, әсіресе, жастарға жеткізуге тырысамыз. Бұл ретте, негізгі үш бағытты атап өтуге болады. Бірінші – интернеттегі діни экстремизм идеологиясына қарсы күрес, екінші – нақты мақсатты топтармен ақпараттық-түсіндіру жүргізу, үшінші – жат діни ағым құрбандарын оңалту жұмыстары», - деді министр.

Аида Балаева радикалды діни ағымдар идеологиясы негізінен интернет ресурстар арқылы таралатынын атап өтті.

«Бұл ретте, экстремистік діни ақпараттың алдын алу мақсатында интернет желілеріне ұдайы мониторинг жүргізіледі. Былтыр осындай 73 мың деструктивті материал бұғатталып, БАҚ мен әлеуметтік желі арқылы 80 мыңнан астам діни ағарту жұмысы жарияланды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, халыққа сапалы діни ақпарат беру мақсатында бүгінде 229 түсіндіру-насихат тобы жұмыс істейді.

«Жоғары сауатты, кәсіби сарапшылардан тұратын үгіт-насихат тобы 1,5 миллион халықты қамтыған 16 мыңнан астам нақты ағарту іс-шараларын жүргізді. Әсіресе радикалды діни ағымдар ықпалына түсу қаупі жоғары нақты мақсатты топтармен жұмысқа баса мән берілді», - деді ол.


Жоғары қарай