Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Қазақстанда 139 мың неке қиылып, 60 мыңға жуығы ажырасты

2020 жылдың 29 мамыр 2020 11:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2019 жылы 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасты. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметке сүйенсек, былтыр қиылған некелердің саны 1,2% көп болып, 139,5 мыңды құрады. Оның ішінде 98,2 мың немесе 70,4 пайыз неке қалаларда, 41,3 мыңы немесе 29,6 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген. 84,2 пайызы - моноэтникалық, 15,8 пайызы этносаралық некелер болды. Бірінші рет отбасын құрған ерлер – 81,8 пайыз, әйелдер – 83,6 пайыз.

Қарым-қатынасын заңдастырғандардың ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысында.

2019 жылы отбасын құруды шешкендердің орташа жасы: ерлерде - 27,6 жас, әйелдерде 25 жас болды.

Әйелдердің 42,9 пайызы 20-24 жасында тұрмыс құрған екен. Ерлердің 35,6 пайызы 25-29 жасында үйленді.

Өткен жылы Қазақстанда ажырасулар саны 9,1% артып, 59,8 мыңды құраған.

Некені бұзу ауылдық жерлерде аз болатыны анықталып отыр. 26,3 пайызы немесе 15,7 мың жұп ауылдарда ажырасқан. Қаладағы көрсеткіш – 73,7 пайыз немесе 44,1 мыңды құрады.

Заңды қарым-қатынасты үзгендердің ең көп саны Павлодар облысында тіркелді, ең азы – Түркістан облысында.

Бірінші некені бұзған жұбайлардың орташа жасы: ерлерде 37,9 жас, әйелдерде 34,8 жас.

Ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылар арасында ажырасу жиі болады – 40,3 пайыз. Бір ортақ баласы барлар – 30 пайыз, екі және одан да көп балалары барлар – 29,7 пайыз.

Былтыр некені ең көп бұзу 5-9 жыл отауласқандар арасында тіркелген – 27,7 пайыз. Ажырасулардың 21,7 пайыз – бір шаңырақ астында 2-4 жыл тұрғандар, 16,6 пайызы – 10-14 жыл, 13,7 пайызы – 20 жыл және одан жоғары, 8,2 пайызы – 15-19 жыл, 7,5 пайызы – 1 жыл, 4,6 пайызы – отауласқанына 1 жыл толмаған жұптар арасында болды.


Жоғары қарай