Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Қазақстан жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті дәйекті түрде жүргізіп келеді – Президент

2019 жылдың 2 қазан 2019 17:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның сегізінші ассамблеясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия (ХСҚА) мен Қазақстан Республикасы бүгін әлемнің түкпір-түкпірінен Нұр-Сұлтанға келген 70-тен астам делегатты күтіп алды. 46-дан астам ұлттық және институционалдық ұйымдардың өкілдері жалпы мақсаттар мен ХСҚА стратегиясын талқылау үшін үшкүндік іс-шараға қатысады.

Күн тәртібінде академия үшін қаражат жинау, оның ағымдағы жұмыс бағдарламасын іске асыру және академияның жаңа стратегиясын әзірлеу мәселелері қаралады. Сонымен қатар, ХСҚА-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы кейбір бағдарламалары талқыланатын панельдік пікірталас өтеді.

Сессияны Грузияның Қазақстандағы Елшісі Зураб Абашидзе ашты. Ол Ассамблея төрағасы қызметінен кетіп бара жатқан Гоча Лордкипанидзенің атынан сөз сөйледі.

«Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияға қызмет етуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жалпы іске өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Мен бұл сессия ұйымдастыру мен оның маңызды миссиясын одан әрі нығайта түседі деген үміттенемін», – делінген Лордкипанидзенің сөзінде.

Ассамблея қатысушыларын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті атынан құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде Президент Қазақстанның жүйелі түрде мойындалған халықаралық стандарттардың негізінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келе жатқанын айтып өткен.

«2008 жылы біздің еліміз БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл іс-қимыл жоспарының ұсынымдарын орындау бөлігінде елеулі прогреске қол жеткізілді. Осы жылдың 27 тамызында Қазақстанның Еуропа Кеңесінің жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына қосылуын мақұлдау туралы Қазақстан Президентінің Жарлығына қол қойылды. Осылайша біз әлемдік қоғамдастыққа еліміздің ең жоғары Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарға адалдығын тағы да паш етеміз», - делінген құттықтау хатта.

Қабылдаушы елдің атынан сөйлеген сөзінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев еліміздің жемқорлыққа қарсы бастамаларында қол жеткізген жетістігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі азайтуға бағытталған реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы.

Қазақстан үшін бірінші кезектегі басымдықтардың бірі - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл мақсатта бірінші кезекте, мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыру көзделген. Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ-ның тиісті рейтингісінде электрондық үкіметтің даму деңгейі өте жоғары елдер тобына кіреді.

Ассамблея сессиясы 4 қазанда аяқталады.

Жоғары қарай