Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстан-Жапония серіктестігі Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайым ерекше назарында болды - сарапшы

2019 жылдың 25 қазан 2019 17:06

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Жапонияның қарым-қатынасы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қашан да ерекше назарында болды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Лидия Пархомчик айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лидия Пархомчиктің айтуынша, 2016 жылы Мемлекет басшылары қол қойған «Азияның өркендеуі дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріптестік туралы» бірлескен мәлімдемесі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге Нұр-Сұлтан мен Токионың мүдделілігін айқын көрсетеді. Сондықтан, Елбасының Император Нарухитоны ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Жапонияға сапары аясында аталмыш ел премьері Синдзо Абэмен сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту бойынша алдағы қадамдарды талқылауы таңғаларлық жағдай емес.

«Айта кету керек, 2018 жыл екіжақты сауданы арттыру тұрғысынан Қазақстан мен Жапония үшін өте сәтті болды. Осылайша, жылдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің өсуі 53,8% құрады. Бұл осы көрсеткішті 2 млрд доллар деңгейге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында тараптар тұтастай алғанда сауда динамикасын сақтап қалды. Көрсетілген кезеңдегі сауда-саттық көлемі 1,13 млрд долларды құрады», - деді сарапшы.

Сонымен қатар, ол Жапония Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.

«Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Жапонияның Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 6 млрд доллар көлемінен асты. Қазақстан үшін Жапониямен ынтымақтастықтың басым бағыты технологиялық өзара іс-қимыл, оның ішінде жапондық технологияларды тиімді енгізу және ноу-хау саласы болып қала береді. Екі ел арасындағы арасындағы тікелей екі жақты байланыс пен »Орталық Азия+Жапония« форматындағы көпжақты келіссөздер толық ауқымды экономикалық ынтымақтастықтың «жол картасын» одан әрі дамыту үшін жағдай жасайтыны сөзсіз», - дейді ол.

ӘЭСИ сарапшысы атап өткендей, Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық серіктестіктің әлеуеті зор. Сондықтан, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазіргі жаңа статусында Қазақстанның сыртқы саясатын белсенді іске асырушы болып қала отырып, Токиомен тығыз және достық байланыстарды нығайтуға айтарлықтай күш салуда.

Жоғары қарай