Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстан тоғызыншы рет Аза тұту күнін жариялады – саясаттанушы

2020 жылдың 9 шілде 2020 01:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина Мемлекет басшысының еліміздегі ахуалға байланысты үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ахуалға байланысты халыққа үндеу жолдап, қайта күшейтілген карантин тәртібінің аса қажетті шешім екенін ерекше атап өтті. Президент өз мәлімдемесінде осы уақытқа дейін карантиндік шараларды жаппай сақтамағандықтан, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жүйелі қателіктерінен, әкімдердің әлсіздігінен пневмонияның күрт өсіп, коронавирустың екінші толқыны басталғанына назар аударды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы COVID-19 індеті мен пневмония салдарынан дүние салған азаматтарымыздың жақындарына көңіл айтып, осыған орай 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады», - дейді сарапшы.

Бұған дейін 4 сәуірден Қытай, 22 мамырдан бастап 3 күнге – АҚШ, 27 мамырдан бастап 10 күнге – Испания секілді елдер аза тұту күнін жариялаған болатын. Өйткені осы мемлекеттерде аталған аурудан едәуір адам шығыны болды.

Қазақстан да 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған жалпыұлттық Аза тұту күнінен кейін араға жарты жыл уақыт салып, короновирус індетінен адамдардың қаза болуына байланысты қаралы күн жариялады. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері Қазақстанда Аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланды.

«Президент айтып өткендей, «кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз», яғни ұстанымы биік ел ретінде біз де пандемия жағдайынан өз сабағымызды алып, «бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз» керек. Әрине, Президент Қ.Тоқаев өз үндеуінде тоқталған маңызды мәселелердің басым бөлігі соңғы уақытта көпшілікті толғандырып жүрген еді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-та коронавируспен күреске қатысты биліктің әрекеттері сынға алынып, өткір проблемалар ретінде талқыланды. Мемлекет басшысы денсаулық саласының және жекелеген өңірлердің індетпен күрестегі қателіктерін ашып айтып, ешкімнің де көмексіз қалмайтынын атап көрсетті», - деді А. Жолдыбалина.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасады.

Президент 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.



Жоғары қарай