Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан шекарасын бекітуге атсалысқан тұлғаларды дәріптеуіміз керек – Аққали Ахмет

2020 жылдың 25 тамыз 2020 16:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан шекарасын белгілеуге атсалысқан тұлғаларға Атырау, Орал, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтаннан көше атауын беру керек. Бұл туралы «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» институтымен бірге ұйымдастырған «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуына «Алаш» қайраткерлерінің үлесі» тақырыбында өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессоры Аққали Ахмет Қазақстан шекарасын бекітуге атсалысқан мәлім, әрі беймәлім тұлғалар туралы айтты.

«Мұстафа Көкебаевтың Қазақ Республикасын құру жолындағы еңбегі туралы Рахмет Иманғалиев ағамыздың жазған еңбегі бар. Ол 1964-1970 жылдары Мұстафа Көкебаевтың қасында еріп жүрген азаматтардың естелігін жазып қалған. Мұстафа Көкебаев 1920 жылы Жер комитетінің төрағасы, губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып, жаңадан іргетасы қаланып жатқан Қазақ Республикасының жариялануы үшін қызмет атқарған. Барлық құжаттарды дайындау, мәліметтерді қағаз бетіне түсіру Мұстафа сияқты екі тілді де бірдей меңгерген сауатты адамға тапсырылған», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессоры Аққали Ахмет.

Оның айтуынша, Қазақстан шекарасын белгілеудің өзіне тән ерекшеліктері болған.

«Шекараның мәтіндік сипаттауы, картографиялық материалдар іс жүзінде мүлдем болған жоқ. 1920 жылы Қазақ Республикасы құрылған кезден бастап Қазақстан мен Ресей шекарасы бірінші рет өзгеріске түскені белгілі. Мұстафа Көкебаев сол кезде Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлігін нақтылап, қай аумақ біздің шекара аумағына кіру керек екенін түйемен жүріп картаға түсірткен. Ол елдің шекарасын белгілеуге ерекше еңбегі сіңген азамат. Ол 1937 жылы Шымкентте педагогикалық инсттитутта сабақ берген екен. Ұлты үшін аянбай еңбек еткен, Қазақстан шекарасын белгілеуге атсалысқан тұлғаға Атырау, Орал, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтаннан бір көше атауын берсе – ескерусіз қалған тұлғаны құрметтегеніміз болған еді», - дейді ол.

Ол ел шекарасын бекітуде ерекше еңбегі сіңген тағы бір тұлға – Уәлихан Танашев екенін айтты.

«Уәлихан Танашев туралы Қазақстанның ұлттық энциклопедиясында қысқаша ғана мәлімет бар. Оның туған жері – қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылы. Ол балық өндірісі иесінің отбасында дүниеге келген. Кейін оның отбасының адал жолмен тапқан еңбегі кәнпескеленеді. Уәлихан Танашев Қазақ Республикасын құрумен айналысқан бірден бір тұлға. Өкінішке қарай, оның атында елімізде не дұрыс көше, не ескерткіш жоқ. Қазақ шекарасын бекітуге үлес қосқан тұлғаларды әрдайым насихаттауымыз керек», - дейді ол.


Жоғары қарай