Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Қазақстан Президенті үш аптада үш алып елдің басшыларымен кездесті

2019 жылдың 3 қазан 2019 22:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш аптада әлемдегі үш алып елдің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 3 аптада әлемдегі 3 алып елдің басшысымен кездесті», - деп жазған Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram-да кездесулер барысындағы фотолармен бөлісті.

Еске сала кетсек, 13 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескен болатын. Келіссөздер барысында Президент Қытай төрағасын Қазақстанға ресми сапармен шақырды. Оның нақты мерзімдерін Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналармен пысықтайтын болады.




Араға екі аптадай уақыт салып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының ресми іс-шаралары аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен қысқа кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Американың кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті.




Сондай-ақ, бүгін Сочиде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесуі өтті. Екі ел көшбасшыларының кездесуі «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының XVI жылсайынғы отырысы алаңында ұйымдастырылды.

Жоғары қарай