Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Қазақстан өзбек тауарларына қатысты қандай сауда шарасын қолданбақ

2020 жылдың 21 ақпан 2020 10:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбек тауарларына қатысты сауда шараларын қолдану өзбек тарапымен келіссөздер процесіне теріс әсер етуі мүмкін.

Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Сенат депутаттары Өзбекстан Республикасынан кілемдер мен кілем бұйымдары импортына акциздік алым енгізу немесе ӨР-ден әкелу кезінде қазақстандық кілемдер мен кілем бұйымдары үшін акциздік салықты төмендету бойынша «қарсы» шараларды қабылдауға қатысты Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын.

«Кедендік статистиканың ресми деректеріне сәйкес өзбек кілемдерінің импорты (СЭҚ ТН кодтары 5701-5705) 2019 жылғы қаңтар-қарашада 3,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстанға осы тауардың жалпы импортының 9,2%, яғни бұл Қазақстан заңнамасына сәйкес отандық өнімді қорғау үшін өзбек импортына акциздік алым енгізу шарасын қолдану үшін жеткіліксіз. ҚР мен ӨР арасындағы сауда-экономикалық қатынастар айтарлықтай жақсы, сондай-ақ өзбек тарапының акциздерді алу жөніндегі келіссөздер процесіндегі оң серпінді ескере отырып, өзбек тауарларына қатысты сауда шараларын қолдану өзбек тарапымен келіссөздер процесіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Үкіметі акциздерді, оның ішінде кілем бұйымдарының акцизін жою мәселесі бойынша келіссөздерді жалғастырады», - деп атап өтеді Премьер-Министр депутаттардың сауалына орай.

Оның айтуынша, 2011 жылғы 18 қазандағы ТМД еркін сауда аймағы туралы шартқа қосылу аясында қабылданған ӨР міндеттемелеріне сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап немесе Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған күннен бастап, осы күндердің қайсысы бұрын басталғанына байланысты, ӨР импорттық және өндірілетін жергілікті өнімге акциз мөлшерлемелерін теңестіреді.

«Қазіргі уақытта ӨР кілемдерге акциз салығын қолданбайтынын ескере отырып, өтпелі кезеңнің қорытындылары бойынша ұқсас өнімнің импортына акциздің күшін жоюды күтуге болады. Бұл ретте, өзбек тарапының импорттық өнімге акцизді қолдану практикасын тоқтату мәселесі ұзақ уақыт бойы әртүрлі алаңдарда, оның ішінде ең жоғары деңгейде көтерілуде. Соңғы жылдары ӨР акциздік саясаты айтарлықтай ырықтандырылғанын атап өту керек», - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министрдің дерегінше, ӨР бүгінгі күні сыртқы экономикалық қызметтiң тауарлар номенклатурасының 10 белгісінің 1071 тауар позициясына қатысты акциздерді қолданады. Оның ішінде 508 тауар позициясы ауыл шаруашылығы, 563-і өнеркәсіп өнімдеріне жатады.

«2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша акциз салуға жататын қазақстандық өнімнің 104 атауы ӨР-ге экспортталды. Бұл ретте аталған тауарлар экспортының көлемі 73,1 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында нақты елден жеткізілімдер белгілі бір тауар импортының жалпы көлемінің 30 пайыздан астамын алатын импорт серпіні оң болған жағдайда, шыққан елі бойынша акциздерді қолдану құқығы көзделгенін атап өткен жөн. Бұл ретте мұндай акциздерді тек ДСҰ-ға мүше емес елдерге қатысты белгілеуге болады. Өзбекстан осы елдерге жатады», - деді Үкімет басшысы.


Жоғары қарай