Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан мен Тәжікстан арасында әуе қатынасы қайта жанданады

2021 жылдың 4 наурыз 2021 16:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы әуе рейстері қайта ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2 наурыздағы шешіміне сәйкес, Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді.

Тәжікстанда Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады.

14 наурыздан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.

Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 18 наурыздан «Somon Air» әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.


Жоғары қарай