Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауданы арттыратын құжат мақұлданды

2019 жылдың 16 қазан 2019 12:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде екі ел арасында 11 автомобиль өткізу бекеті бар, олардың бесеуі көпжақты халықаралық, ал алтауы - екіжақты. Екіжақты өткізу бекеттерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көлік құралдарының қарқыны өте төмен болуы себепті олар 2010 жылы жабылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам және 466 мың көлік құралы өтуде. Сондай-ақ 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 43 пайызға артып, 1,7 млн тоннаны құрады», - деп атап өтті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, хаттамада Сарытөбе және Ауқатты автомобиль өткізу пункттерінің мәртебесін екіжақтыдан «көпжақты халықаралыққа» ауыстыру ескерілген. Сонымен қатар, «Нововоскресеновка» өткізу бекетінің атауын «Сыпатай батыр» деп өзгерту көзделген.

«Бұл шаралар өз кезегінде Қарасу және Қордай автомобиль өткізу бекеттеріндегі көлік ағынын жеңілдетуге мүмкіндік бере отырып, Қазақстан және Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастың одан әрі дамуын жақсартады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің тауар айналымына оң әсерін береді», - деді Атамқұлов.

Жоғары қарай