Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан мен Корея еңбек мигранттарына қатысты мәселені талқылап жатыр – Елші

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 19:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Оңтүстік Корея заңсыз еңбек миграциясы мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок елордада БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір екі ел арасында заңсыз жұмыс мигранттар мәселесін шешу қызу талқыланып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяға барып, заңды жұмыс істеу мәселесі де қаралуда. Бұл мәселе өте маңызды және біз өз тарапымыздан бұған бар күшімізді салатын боламыз», - деді Ку Хонг-сок.

Елші өз сөзінде Корея үшін заңсыз жұмыс мигранттары аса күрделі әлеуметтік мәселе екендігін жеткізді.

«Заңсыз мигранттар мәселесі Қазақстанға ғана қатысты емес. Себебі Кореяда заңсыз жұмыс істейтін басқа елдің азаматтары да өте көп», - деп толықтырды Елші өз сөзін.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан барған заңсыз еңбек мигранттарына қатысты депутаттық сауалға жауап берді.

Онда ол Корея Республикасының шетелдік еңбек күштерін маусымдық жұмысқа тарту бағдарламасына (The Seasonal Worker) сәйкес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) әзірлеген корей тарапының Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяның ауыл және балық шаруашылығы саласына маусымдық жұмыстарға тарту жөніндегі ұсынысы осы елдің тиісті мекемелері мен жергілікті провинцияларының әкімшіліктеріне қарастыруға жолданғанын айтқан еді.

СІМ мәліметінше, 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны - 8902 адам (2019 жылы – 10 707 адам, 2018 жылы – 11 413 адам).




Жоғары қарай