Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан құтқарушылары жыл сайын 10 мыңнан астам адамды құтқарады - ҚР ТЖМ

2021 жылдың 19 қазан 2021 12:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін азаматтық қорғау органдарына 26 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш датаға орай Мемлекет басшысы құтқаршыларды кәсіби мерекемен құттықтады.

«Құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Табиғи және техногендік апаттар дәуірінде сіздердің еңбектеріңіздің мемлекеттік маңызы арта түседі. Биыл ТЖМ қызметкерлері 9,5 мың адамды құтқарды. Мемлекет ерен еңбектеріңізді бағалайды. Сіздерге зор денсаулық, мол табыс тілеймін!», - деп жазды Президент Twitter парақшасында орналастырған құттықтау сөзінде

Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де өз әріптестерін Құтқарушы күнімен құттықтады.

«Жыл сайын елімізде құтқарушылар өртке, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 60 мыңнан астам рет шығады. Бұл ретте ведомство қызметкерлері жыл сайын 10 мыңнан астам адамды құтқарады. Құтқарушылар күн санап ерлік пен батылдық көрсете отырып, өз ісіне деген адалдықты көрсетеді. Сіздердің кәсіпқойлық, шапшаңдық, батылдық қасиеттеріңіз алдағы уақытта да төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға жəне құтқаруға қызмет етсін!», - деп атап өтті министр құттықтау сөзінде.

Азаматтық қорғау органдарында 30 000-ға жуық маман қызмет атқаруда.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында ТЖМ құтқару қызметтері (1995-2021 жылдар аралығында) төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 466 883 рет шықты. Олардың кәсіби қызметі мен жеделдігінің арқасында 389 017 адам құтқарылды, ТЖ әртүрлі аймақтарынан 353 973 адам эвакуацияланды, 61 362 зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде 64 қызметкер қайтыс болды»,-делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Жоғары қарай