Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан Корея үшін жақын дос және қолдаушыға айналды – Корея елшісі

2021 жылдың 5 қазан 2021 21:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Корея Республикасы елшілігінде Корей мемлекетінің құрылғанына 4354 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Онда Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок екі ел ынтымақтастығының дамуы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толады, осы сәтті пайдалана отырып, қазақстандықтарды осы айтулы күнмен құттықтағым келеді. 1992 жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап, әрі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бір жылдан соң, Қазақстан Корея үшін жақын дос және берік қолдаушыға айналды. Оған қоса, Қазақстан Корея Үкіметі іске асырып жатқан экономикалық ынтымақтастық бастамасының – «Жаңа Солтүстік саясаттағы» негізгі серіктесі. Екі ел де келесі жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мәдени алмасу жылы деп жариялады, онда екі ел арасындағы достық қатынастарды дамыту үшін түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған», - деді елші салтанатты шара ашылуында.




Елші биылғы тамыз айында Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың Кореяға Мемлекеттік сапары өткенін еске салды. Бұл шет мемлекет басшысының Кореяға COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы сапары болды.

«Бұл сапар Корея мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге негіз болды. Сапар қорытындысы бойынша 20-дан астам меморандумға қол қойылды және «Самал жел» экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде екі ел арасындағы заттық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізілді. Бұл сапар Президент Мун Чжэ Иннің 2019 жылғы сәуірдегі Қазақстанға Мемлекеттік сапары арқылы бекітілген өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жақсы мүмкіндік берді», - деп атап өтті Ку Хонг-сок.




Оның айтуынша, Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Кореямен арадағы сауда және инвестиция көлемі бойынша жетекші ел болып отыр, ал Қазақстан үшін Корея көлемі бойынша төртінші сауда серіктесі.

«Біздің мемлекеттер пандемиядан туындаған дағдарысты абыроймен еңсеруде және өткен жылы тауар айналымы 4 миллиард доллардан астам деңгейге жетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда 300-ден астам корей компаниясы жұмыс істейді. Қазақстан жолдарында жүрген көптеген корей автокөліктерін көруге болады, ал корейлік смартфондар мен тұрмыстық техника өнімдері шамамен әрбір үйде, әрбір оқу орнында немесе кеңседе бар. Кореялық компаниялар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлесін қоса отырып, жергілікті жұмысшылармен және іскер серіктестермен үлгілі іскерлік әріптестік қатынасты дамытуға ұмтылады», - дейді Ку Хонг-сок.

Биыл Қазақстан көлемі бойынша төртінші ядролық держава мәртебесінен бас тарту және ядролық сынақ полигонын жабу туралы аса күрделі шешім қабылдағанына 30 жыл толды. Тамыз айында өткен Мемлекет басшыларының кездесуінде екі көшбасшы Корея Республикасы Үкіметінің Корей түбегіндегі бейбітшілік процесін ілгерілетуге бағытталған тұрақты күш-жігерін жоғары бағалады.

«Бейбітшілік пен бірлесе өркендеу үшін ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдаған Қазақстан үлгісі Корей түбегінде бейбітшілік орнатуға жақсы басшылық болады деп санаймын. Екі елдің азаматтары арасындағы алмасу 2014 жылы визаны алып тастау туралы Келісім күшіне енгеннен бері қарқын алып, үнемі кеңеюде. Сондай-ақ, біз биыл 30 жылдығын атап өтетін Нұр-Сұлтан қаласындағы Корей мәдени орталығы мен Алматы қаласындағы Корей білім беру орталығында қазақстандықтардың корей тілін үйренуге деген зор ынтасын көріп отырмыз.

Әлемде пандемияның таралуына байланысты қиындықтарға тап болғанда біздің екі ел денсаулық сақтау саласында тығыз ынтымақтастық жүйесін құрды. Былтыр Корея Үкіметі Қазақстанмен коронавируспен күресу бойынша табысты тәжірибесімен бөлісті және Қазақстанда жұмыс істейтін кореялық компаниялармен бірге жалпы сомасы 1,2 миллион долларға гуманитарлық көмек көрсетті. Корея Республикасының Елшілігі тарапынан Қазақстанда аз қамтылғандарға көмек көрсету үшін үнемі акциялар өткізіліп тұрады. COVID-19 пандемиясының өзі өкінішті жағдай, дегенмен бұл, бір жағынан, Қазақстан халқына жақын бола түсу әрі қиын-қыстау кезеңде нағыз достық таныту мүмкіндігі болды», - деді елші.

Сондай-ақ, 8-9 қазанда ЕХРО аймағында орналасқан Nomad City Hall концерт залында корей мәдениеті фестивалі өтеді.








Жоғары қарай