Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына СҚО-дан 37 делегат барады

2019 жылдың 23 сәуір 2019 17:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының XХVII сессиясына СҚО-дан 37 делегат барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мәліметінше, 29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жиын «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» тақырыбында өтпек.

Жастар жылы болғандықтан, биыл басымдық ҚХА Жастар қанатына берілген, баратын делегаттардың тең жартысы - белсенді жастар. Сондай-ақ, әдеттегідей облыстық ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілері, Аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топтардың өкілдері және медиаторлар барады.

Қазір облыста 25 этно-мәдени орталық бар. Әзербайжан ұлттық мәдени орталығы өңірде 1995 жылы алғашқылардың бірі болып ашылған. Оның жетекшісі Шыңғыс Курбанов биыл да делегация құрамында сессия отырысына қатыспақшы.

«Жылда облыстық делегация құрамында сессияға қатысып жүрмін. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен бізге еліміздің басты байлығы - бірлік пен келісімді сақтау, нығайту міндеттерін қойды. Жалпы, біз әзербайжандықтар Көшбасшы ұстанған бағытты қолдаймыз. Былтыр ҚХА-ның XXVI сессиясында Елбасы бес әлеуметтік бастаманы ұсынған болатын. Қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарлама елімізде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Биыл сессия маңызды науқан - президент сайлауы алдында өткелі тұр, сондай-ақ биыл - Жастар жылы. Сол себепті жиында осы тақырыптар қамтылады деп ойлаймын», - дейді Шыңғыс Курбанов.

Жоғары қарай