Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент бастамаларын жүзеге асыруға көмектеседі

2020 жылдың 1 сәуір 2020 19:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Президент тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

31 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына азаматтарды және бизнесті қолдау шаралары туралы үндеу жасаған еді.

«Бұл үндеу мұнай бағасы мен коронавирус пандемиясы әсерінен туындаған әлемдік экономикалық «турбуленттіктің» бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайында айтылды. БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерреш бұл жағдайды Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі ең күрделі дағдарыс деп атады және бұл жай ғана сөз емес. Болжам бойынша, әлемде 25 миллион адам жұмысынан айырылып, экономикалық байланыстар күрделенеді, бизнес тұралап, жаңа кедергілер пайда болады. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде», - делінген ресми мәлімдемеде.

Осындай күрделі жағдайда Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын жіті қадағалап, халықтың ең шұғыл қажеттіліктеріне дер кезінде назар аударады.

«Президент Қ. Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан жаппай таралған індеттің алдын алу шараларын уақытында қабылдады, Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған ҚР Ұлттық қоры – «қауіпсіздік белбеуі» тиімді жұмыс істейді. Қазақстан Ата заңда белгіленген әлеуметтік мемлекет туралы конституциялық норманы сенімді және мүлтіксіз орындайды», - дейді ҚХА кеңесі.

Президент Қ. Тоқаев зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыны, атаулы әлеуметтік көмекті жылдық 10%-ға индексациялауды тапсырды. Барлық азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек алу құқығы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының мәлімдемесін тұтастай және толығымен қолдай отырып, оларды іске асыруға жан-жақты азаматтық қолдау көрсету қажеттігін мәлімдейді.

«Біз осындай сәтте жауапкершілікті тек мемлекетке ғана аудара салуға құқығымыз жоқ. Межеленген нәтижеге қол жеткізу әрбір азаматтың бүгінгі таңда карантиндік шараларды қатаң сақтауынан басталады. Біздің бұл іске азаматтық атсалысуымыздың келесі векторы Президенттің жаңа бастамаларын іске асыруға белсенді жәрдемдесуге бағытталуы тиіс», - дейді Ассамблея.

ҚХА мүшелері карантин жағдайында қолжетімді әлеуметтік желілердің, электрондық таратылымдардың, өздерінің азаматтық байланыстарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ақпараттық жұмыс 3 миллионға жуық азаматтарды ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша әлеуметтік төлемдермен қамту; азаматтардың түрлі санатын тегін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету және оларды өндіру мен жеткізу жұмыстарына жергілікті шағын және орта бизнесті тарту сияқты шараларды қамтуы тиіс.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу және шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасына ерекше назар аударуға шақырады. Ауыл шаруашылығы өндірісінде тәжірибесі мол ҚХА мүшелері Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші жастарға қамқорлық жасау, кеңес беру және өзге де қолдау шараларын жасайды.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыруға барынша қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге ниеттіміз. Өйткені әлемдік дағдарыс пен рецессия жағдайындағы біздің еліміздің қаржылық мүмкіндіктері де шектеулі. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық азаматтарын Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды орындауға жоғары жауапкершілікпен қарауға, оларды тиімді іске асыру үшін саналылық танытып, ынтымақтың және белсенді азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетуге шақырады» делінген мәлімдемеде.


Жоғары қарай