Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан геологтері Каспийдің табанынан 15 шақырымдық ұңғыма бұрғыламақшы

2022 жылдың 19 мамыр 2022 11:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Каспийдің табанындағы мұнай қорын тереңірек барлау үшін теңіздің табанынан 15 шақырымдық ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Еуразия» мұнай барлау жобасының қандай сатыда екенін баяндады.

«Каспий маңы ойпатын тереңдеп зерттеу және көмірсутек шикізатының қорын ұлғайту мақсатымен «Еуразия» жобасы қолға алынған. Бұған дейін Каспийдегі кен орындарының бәрі солтүстігінде Қарашығанақ, Чинарев, Теплов-Токарев кен орындары тобында ашылғанын атап өткен жөн. Ал шығысында Жаңажол, Кеңқияқ, оңтүстігінде – Теңіз, Қашаған, Қаламқас-Теңіз табы бар», - деді Талғат Сатиев.

Оның айтуына қарағанда, Каспий ойпаты инвесторлар үшін әлі де тартымды.

«Былтыр геологиялық-геофизикалық материалдарды заманауи технологиялармен талдап, қорытатын халықаралық маңызға ие «Еуразия» жобасының бірінші кезеңін іске асыру басталды.

Екінші және үшінші кезеңдерді жеке инвестициялар есебінен іске асыру жоспарланған. Соның аясында өңірдегі сейсмикалық ахуалды пысықтау, перспективалы учаскелерге дұрыс барлап, тереңде жатқан перспективалы объектілерді іздеу көзделеді. Бұған жоғары технологиялар қажет.

Осы зерттеулер кезінде 10-15 шақырымға дейінгі ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл бассейннің әлеуетін тереңірек барлап, бағалауға мүмкіндік береді.

Осылайша, мемлекет терең горизонттар мен аса терең ұңғымалар бойынша деректер банкін құрады», - деді комитет төрағасы.

Айта кету керек, «Еуразия» жобасының «таңғажайып келешегі» туралы 2010 жылдардың басынан бері айтылып келеді.

Жоба сол кезеңде Қазақстан мен Ресей Президенттеріне кезекті өңірарлық форумда таныстырылған болатын.

Геологтардың мәліметтері бойынша, Каспий маңындағы ойпатты аймақтарда мұнайдың ірі кен орындары бар. Ондағы қор шамамен бірнеше миллиард тоннаға болжанып отыр. Оның ішінде перспективалық кен орнының 70 пайызға жуық аумағы Қазақстанның, 30 пайызы Ресейдің аумағында жатуы ықтимал екені айтылған.

Ал 2020 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Shell компаниясын Каспий маңы бассейінде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салу мүмкіншіліктерін зерделеуге шақырған болатын.



Жоғары қарай