Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстан экономикалық өсімді қашан қалпына келтіре алуы мүмкін – сарапшы пікірі

2020 жылдың 10 шілде 2020 15:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан экономикалық өсімді қашан қалпына келтіре алуы мүмкін? ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы, экономика ғылымдарының докторы Әсел Әбен Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларына қатысты пікір білдіріп, осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелері қорытындыланды. 2020 жылдың басындағы кеңейтілген отырыста Үкімет өз жұмысын 7 стратегиялық бағыт бойынша жалғастыратынын хабарлаған болатын: инвестицияларды тарту, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту, экспортқа бағдарланған индустрияландыру, отын-энергетикалық және агроөнеркәсіптік кешендер, экономиканы цифрландыру. Басты міндет ретінде экономикалық өсімді 2020 жылдың аяғына қарай 4,7-5%-ке дейін қамтамасыз ету болды», - дейді сарапшы.

Экономика ғылымдарының докторының айтуынша қазіргі ахуалға байланысты бұл мақсатқа қол жеткізу енді қиынға түспек. Әр түрлі халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша, 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ мөлшерінің төмендеуі биыл 1,6-3% аралығында болады. Алдағы кезеңдерде әлеуметтік қашықтық өлшемдері күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналатынын ескере отырып, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру ұзақ уақытты алатынын аңғаруға болады. Жыл басынан бері экономикалық өсімнің 1,8%-ға төмендеуі, қызмет көрсету секторындағы 5,6%-дық ең үлкен құлдырау байқалды. Дағдарысқа дейінгі деңгейге – қолайлы жағдай болса, яғни вирус күзде жаңадан өршімесе негізгі шикізатқа тұрақты бағалармен 2021 жылдың аяғында немесе 2022 жылдың басында ғана қол жеткізуге болады.

«Қазіргі уақытта мемлекет өсімді шектеп отырған індеттің жағдайын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Осы мақсатта 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап 2 апталық карантин қайта енгізілді. Қосымша 150 миллиард теңге бөлінді. Қажетті дәрі-дәрмекпен және жабдықтармен қамтамасыз ету, төсек-орын санын көбейту, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету үшін қосымша ресурстар құру мақсаттары айқындалды», - дейді ол.

Әсел Әбен экономиканы қолдау тұрғысында дағдарысқа қарсы шаралар кешені де жүзеге асырылып жатқанын, олардың жиынтық пакеті салықтық преференциялар мен жергілікті деңгейде қолдауды есептемегенде шамамен 5,9 трлн теңге құрайтынын айтады. Дағдарысқа қарсы белсенді шаралар қатарына «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыруды, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беруді, халыққа кірістердің жоғалғаны үшін төлемдерді, экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және ірі бизнестің шығындарын өтеуді, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауды, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды енгізуге болады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қарыздарға кепілдік беру, әлеуметтік төлемдерді қосымша индекстеу жеңілдіктері де бар.

«Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарын бекітті. Кешенді жоспардың негізгі шараларына салықтық жеңілдіктер, несие көлемін кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, отандық өндірісті қолдау, жұмыспен қамту және басқа шаралар кіреді. Кешенді жоспарда дағдарыс кезінде ең көп зардап шеккен салалар (туризм, логистика, азаматтық авиация, ШОБ секторы және т.б.), және өсімнің негізгі қозғаушы күші болуы мүмкін салаларды (өндіріс, тау-кен, металлургия және агроөнеркәсіптік кешендер) қолдауға бағытталған. Оған қоса, маусымда бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу, қазынашылық жүргізу, ауылшаруашылық техникаларын лизинг және экспортқа тауарларды жылжыту сияқты бизнестің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған 43 шара қабылданды», - дейді сарапшы.

Сарапшы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшыыс дағдарысқа қарсы шараларға қаражаттың барын айтқанын еске салды.

«Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығына аса көңіл бөлді. Карантин мен мұнай бағасының құлдырауы мемлекеттік бюджет кірістерінің қатты қысқаруына алып келді, оның шығындары 1,7 трлн. теңгені құрады. Осыған орай 2021 жылғы бюджеттік шығындарды оңтайландыру бойынша жұмыстар басталды. Шығыс бөлігі 1,6 трл. теңгеге қысқарады деп жоспарлануда. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап Ұлттық қордан трансферттер мақсатты сипатта ғана болуы тиіс және тек әлеуметтік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымдық дамуға бағытталуы қажет. Ағымдағы жылы дағдарыстың салдарынан Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер 4,7 трлн. теңгеге дейін арттырылды.

Сондай-ақ Президент екінші жартыжылдықта шешілуі тиіс бірқатар маңызды проблемаларды атап көрсетті. Жылды оң көрсеткіштермен аяқтай аламыз деп үміттенеміз», - деді Әсел Әбен.



Жоғары қарай