Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

«Қазақалтын» Степногорск көпсалалы ауруханасына қолдау көрсетті

2020 жылдың 4 тамыз 2020 15:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақалтын ТМК» АҚ Степногорск қаласы орталық ауруханасына 23 миллион теңгеге жасанды тыныс алу аппаратын сатып алып, тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақалтын ТМК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, компания 19 миллион теңгеге 20 оттегі концентраторын сатып алған, олар жақын арада жеткізіледі. Аурухана 65 мыңға жуық адам тұратын Степногорск қаласы мен жақын маңдағы ауылдарды медициналық көмекпен қамтиды. Коронавирус індеті тарағалы мекемеде COVID-19 науқастарына көмек көрсететін бөлім ашылып, онда 500-ге жуық жергілікті тұрғын емделді. Тапсырылған жабдықтар коронавирус пен пневмонияның асқынған түрімен ауыратын науқастар үшін аса қажет.

«Бұл біз үшін өте маңызды қолдау, өйткені бұл жабдықтар кез келген уақытта науқастың өмірін сақтап қала алады. Қазіргі вирус тарап жатқан кезде біздің ауруханаға жүктеме артты, тыныс алу жетіспеушілігі бар науқастар жиі түседі, біз оларды осы құрылғыларға қосамыз, - деді Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Ольга Ищукова.

Өз кезегінде «Қазақалтын ТМК» АҚ бас директоры Баламир Маханов дәрігерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен жанқиярлық жұмысы үшін алғыс білдіріп, «Қазақалтын» алдағы уақытта да індетпен күресуде халық пен медициналық мекемелерге қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

«Осы қиын кезеңде біз шетте қала алмадық және концерніміздің ұжымы атынан отандастарымызға көмектесуді ұйғардық», - деді Б. Маханов.

Тамыздың аяғына дейін Шортанды аудандық ауруханасы да «Қазақалтыннан» дәл осындай жасанды тыныс алу апараты мен 10 оттегі концентраторын алады. Компания бұл медициналық жабдықтарды сатып алуға 35 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді. Тағы 6,5 миллион теңге концерн кәсіпорындарының жұмысшыларын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалды.


Басты сөздер: Қоғам, Медицина,
Жоғары қарай