Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар көлік кептелісінің себебі белгілі болды

2020 жылдың 5 маусым 2020 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау және тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендету мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті 2019 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерімен шекарада өткізілетін жүктерге мониторинг жүргізеді. Содан бергі уақытта жалған тұлғалар мен банкроттар атына 10,3 мың тауарларға ілеспе құжат ресімделгені, жалған транзиттің 13 мыңнан астам фактісі анықталды.

Тек бірінші тоқсанның өзінде ҚР арқылы РФ-ға транзит ретінде мәлімделген жүктің 17% Қазақстанда қалған. Тауарлардың мұндай көлеңкелі айналымы бюджетке зиян келтіреді және отандық бизнеске бәсекенің тең емес жағдайын туғызады. Бұл фактілердің барлығы Қырғыз Республикасы құзыретті органдарының назарына жеткізілген.

2019-2020 жылдар ішінде ЕАЭО және ДСҰ алаңында, екіжақты форматта, құзыретті органдар мен үкімет деңгейінде бірқатар кездесулер болды.

«Биылғы ақпан айында өткізілетін жүктер бойынша алдын ала ақпарат алмасу, навигациялық құлыптарды және екі елдің ақпараттық жүйелерінде бар деректерді пайдалану арқылы тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендету мәселелерінде өзара іс-қимылдың қажеттілігі талқыланды. Бұл өркениетті сауда-саттықты ұйымдастыруға және екі мемлекеттің бюджет кірістерінің артуына ықпал етуші еді. Алайда, кездесу хаттамасына қырғыз тарапынан қол қойылмады, пошта арқылы жолданған нұсқасы жауапсыз қалды. Қырғыз әріптестер тарапынан сындарлы диалогтың орнына Қырғыз Республикасындағы ішкі салықтық әкімшілендіруді сауда кедергісі деп тану мақсатында шекарадағы жағдайды әдейі шиеленістіру және арандату жүргізілуде» делінген комитет хабарламасында.

Қазіргі уақытта шекарада автокөлік жиналып қалған. Бұл жеміс-көкөніс өнімдері маусымының басталуымен, ҚХР-мен сауда-саттықты жаңартумен және COVID-19 байланысты 5 автомобиль өткізу пунктінің жұмысын тоқтатуымен байланысты болып отыр.

Яғни, өткізілетін автокөлік қарқыны өткізу пунктерінің өту жылдамдығынан артық болып отыр.

2020 жылғы 3 маусымда «Қарасу» АӨП және «Ақтілек-автожол» АӨП-да жиналу себептерін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өкілдері кездесті. Бақылау рәсімдерінің хронометражы екі өткізу пунктінен өту - 30-35 минутты, оның ішінде ҚР салықтық бақылау үшін құжаттарды сканерлеу - 3 минутты алғанын көрсетті.

Бұл ретте қырғыз тарапы хронометраж өткізу кезінде ПТР тест тапсырғаннан кейін жүргізушілер нәтижесін күтпестен, тек сауалнаманы толтырып ғана ҚР-на шығарылғанын растады. Осыған байланысты өткізу пунктінде оны жасаудың қажеті қанша деген сұрақ туындайды.

Қазақстан тарапы шекарада кезек болмас үшін мұндай тестілеуді бекеттен тысқары жерде өткізуде. Бұдан басқа, қарсы жолақпен кезектен тыс өту қызметін ұсынатын «өткізіп жіберушілердің» әрекетіне Қырғызстан жүргізушілері наразылық білдіруде.

«Бүгінгі күні ағынның ұлғаюын ескере отырып, тәулігіне 200-ге жуық жүк және сондай басқада автокөлік құралдары шекарадан өтуде. Шекараның Қазақстан учаскесінде тауар-көлік жүкқұжаттарын сканерлеуді есепке ала отырып, жүк АКҚ өту уақыты 15-20 минутты құрайды. Қалыптасқан мән-жайды назарға ала отырып, қырғыз тарапын өркениетті сауда-саттықты ұйымдастыру және бюджет пен бизнес мүддесі үшін көлеңкелі айналымды қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға тағы да шақырамыз. Бірлескен шаралар қабылдамай бұл мәселені шешу мүмкін емес» дейді комитеттен.

Кеше ЕЭК отырысында Қырғыз Республикасының Вице-Премьері Э.Ш. Асрандиевтің қатысуымен осы мәселелер талқыланды, ол бірлескен жұмыс тобын құру қажеттігімен келісті.


Жоғары қарай