Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қауіпсіздік Кеңесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелерін қарады

2021 жылдың 16 маусым 2021 11:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуды, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты тергеліп жатқан әрбір істі бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі жағдайын талқылау және оны жетілдіру шараларын әзірлеу мақсатымен Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен кеңес өтті.

Жиынға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ішкі және Сыртқы істер, Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері қатысты.

Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа, балалар саудасына қарсы іс-қимылдарды, сондай-ақ, балалар үйлері мен интернаттарда тиісті жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жанынан балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу және жолын кесу жөніндегі барлық уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру үшін тұрақты ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілік құқығына қарсы қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін түрмеден босатылған адамдарды бақылауға және есепке алуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.


Жоғары қарай