Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Катонқарағай ауданында 20 мектеп жөндеуден өтті – ШҚО

2020 жылдың 20 қазан 2020 16:51

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барып, шекаралық аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Катонқарағай ауданында аталмыш бағдарлама бойынша 6 миллиардтан астам теңгеге 76 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 20 мектепте, 6 мәдени ошақта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыларалық 30 шақырым жолға асфальт төселді.

Сонымен қатар Катонқарағай ауылындағы саябақ толықтай абаттандырылған. Жақында осы саябақта Алтайдың асқар жазушысы Дидахмет Әшімхановқа ескерткіш орнатылды. Ауылда заманауи талаптарға сай жабық бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Келер жылдың мамыр айына дейін жұмыстар толық аяқталып, нысан қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 730 млн теңге. Мердігер компания негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл аяқтамақ.

«Екі жыл бұрын Солдатово ауылында болған едім. Сол кезде елді мекендегі Мәдениет үйін жөндеуге қаражат бөлуді тапсырдым. Бүгін атқарылған жұмыстың нәтижесі көңілімнен шықты. Клуб ішінде дәрігерлік амбулатория, спорт залдар және жергілікті әкімдік орналасқан. Ауылға орталықтандырылған су құбырлары төселді. Бүгінде 200-ге тарта абонент қосылған», - деді Даниал Ахметов

Айта кету керек, соңғы жылдары Катонқарағай ауданындағы 9 ауылға ауызсу тартылды. Бұған бөлек, көпбалалы аналарды қолдау бағдарламасы да нәтижелі жүзеге асуда. Қазіргі таңда аудан орталығында екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталуға шақ қалды. Тағы 30 пәтерлі көпқабатты үй салу жоспарланған.



Жоғары қарай