Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрін қабылдады

2021 жылдың 8 желтоқсан 2021 16:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімет берілді.

Елімізде қылмыстық істердің азаюы бойынша оң үрдіс байқалады (5 пайызға төмендеген). Бұл ретте кісі өлтіру 15 пайызға, тонау және бұзақылық 20 пайызға аз тіркелген. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылады.

Президентке тапсырмаларының орындалуы жөнінде, атап айтқанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және балаларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қос азаматтық фактілерінің жолын кесу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Бұдан бөлек Ерлан Тұрғымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа полиция жұмысының сервистік моделіне көшу, «жақын жердегі полиция» қағидатын қамтамасыз ету, учаскелік инспекторлардың қызметін реформалау және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы олардың өкілеттіктерін кеңейту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдарын цифрландыру барысы, полиция учаскелері мен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жаппай бейнебақылау құрылғыларын орнату, автоматтандыру және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет үдерістерін жеңілдету жайында баяндалды.

Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының қызметіне оң баға беріп, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдауға тапсырма берді.



Басты сөздер: Қазақстан Президенті,
Жоғары қарай