Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамту бойынша Үкімет жұмысын сынады

2020 жылдың 10 шілде 2020 13:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.

«Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған.

«Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек», - деді Президент.

Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.


Жоғары қарай