Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдерінің назарын Арал мен Семей қасіретіне аударды

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 20:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Климаттың өзгеруі – біздің өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады. Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз. Дегенмен, коронавирус індетінен кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбын халықаралық күн тәртібінің басты мәселесі ретінде көтеру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біз БҰҰ-ның климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге міндеттіміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін экология мәселелері өте өзекті екендігін баса айтты.

«Арал теңізінің апатты жағдайы мен Семей полигонының қасіреті, мұздықтардың жылдам еруі және шөлейт жерлердің көбеюі біздің еліміз бен Орталық Азия өңіріне ғана емес, барша әлемге қауіп төндіріп отыр. Қазба отынына аса қатты тәуелді болып отырғанымызға, сондай-ақ климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақсаттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуына қарамастан, еліміз көміртексіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете береді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдардың қалдықтарын 15 пайызға азайтатындығын атап өтті.

«Бұған қоса алдағы бес жыл ішінде елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мұндай жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін біз БҰҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді қайта қалпына келтіруге және көпжақты институттарды біртіндеп күшейтуге тиіспіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті бүгінде мемлекеттердің бір-біріне деген сенімі жоғалып бара жатқандығына айрықша назар аудартты.

«Бұл халықаралық қатынастардың дамуына кері әсерін тигізеді. БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына бейілділік таныту – біздің ортақ моральдық міндетіміз. Сенімді нығайту шараларына сұраныстың артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті осы стратегиялық маңызды аймақтың қауіпсіздігі мен оны дамытудың толыққанды ұйымына айналдыруға ниетті. Әлемдік қауымдастық төзімділік, өзара түсіністік және мәдени алуантүрлілік идеологиясын табандылықпен ілгерілетуге тиіс деп санаймыз. Бұл – жек көру және төзімсіздікке қарсы тиімді іс-қимылдың кілті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай