Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде

2020 жылдың 8 шілде 2020 20:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 13 шілде Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бұл туралы республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Індетпен күрестің нәтижелі болуы ең алдымен барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне баланысты. Бұл өте қауіпті, батпандап кіретін, мысқалдап шығатын дерт. Коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде. Ашығын айту керек, денсаулық сақту жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

«Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас деген алаңдаушылығын танытты.

«Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық! Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай