Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қасіретті жылдар құрбандарының есімдерін толық анықтау  бүгінгі қоғамның міндеті - Ерлан Сайлаубай

2020 жылдың 31 мамыр 2020 10:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасіретті жылдар құрбандарының есімдерін толық анықтау, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізу бүгінгі қоғамның міндеті.

Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай, айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай жасаған үндеуі өткен тарихымыздың ащы сабақтарын сабырлы таразылау, парасатты ой елегінен өткізу және адамгершілік парызбен қарауға тағы бір мәрте терең ой салды. Үндеу өткенге тағзым ету бүгінгі ұрпақтың өнегелі ісі болып қалыптасуы шарт деген ізгілікті ойға жетелейді. Жазықсыз жапа шегіп, сталиндік-тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшыраған елім, жерім деп еңіреп өткен асылдарымыздың есімдері бүгінгі күні үлкен құрметпен аталып, олардың аруақтарына тағзым етудеміз.

«Ақиқат маңдайыңа тимей, санаңа сіңбейді» дейді. Сондықтан біртұтас қоғам болып тоталитарлық саясаттың құрбандарының рухына тағзым ету, олардың бүгінгі ұрпақтары арқылы зұлмат жылдар тарихын саралау және өткенімізде орын алған қасіретті болдырмау, елдің бірлігіне негіз болар істер атқару ұрпақтық парызымыз және ел үшін келелі істер бастауы болары сөзсіз», - деді ғалым.

Осы орайда Ерлан Ерназарұлы халыққа қарсы геноцидтік саясат ұстану – кешірілмейтін күнә екендігін баса айтады.

«Большевиктік биліктің бастапқы отыз жылында халықтың бастан кешкен тауқыметі орасан зор болды. Атап айтар болсақ, 1920-1925 жылдардағы «партиялық тазарту» науқаны, 1920-1921 жылдардағы ашаршылық пен 1932 жылғы жаппай ашаршылық тауқыметі, 1929-1932 жылдар аралығындағы бүкілхалықтық наразылық толқулар, 1937 жылғы зұлмат, 50-ші жылдардағы «космополиттік» - мыс көзқарастары үшін қудалау саясаты біздің өлкемізде де болды. Арасында қазақтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы және бар. Оның демографиялық зардаптары өз алдына жеке мәселе», - деді ол.

Ғалым күні кешегі Кеңес өкіметі келмеске кетіп, халқымыз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне, елдігіміз орнына келіп, тарихымызды зерделеуге толықтай мүмкіндік алғанымызға тоқтала келе шын тарих – тиянақты зерттеуді қажет ететіндігін әрі нақты дерек көздеріне ғана сүйенетіндігін атап өтеді.

«Сол қасіретті жылдар тарихын қайта саралауда сан алуан дерек көздері ашылды. Соның негізінде зұлмат құрбандарының жалпы санын анықтау мүмкін болды. Мәселен, КСРО-да саяси қуғын-сүргін саясатының құрбандарының қатары 27 миллионнан астам адамға дейін жеткен. Соның 20 миллионы «бай-кулак» ретінде түрлі жазалауларға ұшыраған. 1921-1954 жылдар аралығында Кеңес өкіметінің «жауы» және сол «қоғамға жат топ өкілдері» деген желеумен сотталғандар саны 3 миллион 777 мыңнан астам болса, соның ішінде атылғандары 642 мың адам. Бұл қазіргі күнге дейін дәлелді негізде белгілі болғандары ғана», - деді «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Тарих ғылымдары кандидатының дерегінше, бүкіл Қазақстан бойынша 1920-1939 жылдар аралығында тоталитаризм саясатынан жапа шеккендер саны 4 миллионға дейін жеткен. Оның ішінде 1921-1922 және 1931-1933 жылдарында аштыққа ұшырап апат болғандар 2 миллион 200 мыңнан астам, шет жерге ауып кеткендері 1 миллион 200 мыңға жуық (қайтып оралғандары 620 мыңға жуық), 1937-1939 жылдары саяси желеумен істі болып, сотталғандар саны 115 мыңнан астам болса, соның ішінде 27 мыңы ату жазасына кесілгендер. 27 мың атылғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілдері болған.

«Бұл дегеніміз ұлттың иесіз қалуы деген сөз. Тіпті кейбір зерттеушілеріміз саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендердің (1920-1954) жалпы саны 4 миллионнан астам, яғни 5 миллионнан жуық деген пікірді ұстануда. Бұл дерек әрине анықтауды қажет етеді. Тарихтан белгілі «Қызылдар терроры» 1937-1939 жылдары ғана КСРО халқының басынан құйындай болып өтті деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Ұлттың өзін-өзі басқару принципін мүлдем жоққа шығарған большевиктік партияның репрессиялық саясаты 1920 жылдан басталды. Кеңес өкіметі «партиялық тазарту» деген желеумен Кеңес өкіметін құруға және оны қалыптастыруға қатысқандар ішінен Алаш партиясының мүшелерін, Алашорда үкіметінде қызмет істеген, Уақытша Сібір Үкіметі мен Колчак үкіметі тұсында халықтық-әлеуметтік мекемелерде және шаруашылық ұйымдарында қызмет атқарған ұлт зиялыларын, кез-келген қоғамның тірегі болған орта әлеуметтік топ түбірі - қазақ байларын және қарапайым әлеуметтік қауымнан шыққан өкілдерін жас-кәрісіне қарамай жаппай сотқа тартты. Одан қалса Қазақстаннан тысқары жерлерге кетіру, тіпті дәлел таппағандарынан түрлі нысанадағы оқуларға, ал білікті мамандарды Ресейдің қиыр аймақтарында орналасқан түрлі өндірістерге жіберу науқанын бастаған болатын», - деді ол.

Ғалымның айтуынша, XX ғасыр басында Қазақстанда «Ұлттық демократиялық зайырлы мемлекет» құру идеясын жүзеге асыру жолына түскен Алаш зиялыларын 1921 жылдан қудалау басталды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Қазақстаннан кетірілді. Жергілікті өзін-өзі басқару институтының басқарма төрағасы болған Райымжан Мәрсековті адамзаттың дана перзенті - Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге Қытай жерінде бір күнде ұстап, Семейге әкеліп жасырын атқызып, көздерін жойды.

«Айтар болсақ, Абай – Шәкәрім әулетінің ұрпағы большевиктік саяси қуғын-сүргіннің нағыз қыспағына ұшырады. Әрісі Қытайға қашуға мәжбүр болды, берісі атамекенін тастап Сібір, Қазақстан мен Қырғызстанның түкпірлеріне бас сауғалап кетті. Ал, кейбір ұрпақтары билік тарапынан «қоғамға жат элемент» деп танылып, жер аударылды. Алаш рухты азаматтарды 1925 жылы Қазақстандағы большевиктік партия билігінің басына келген Ф.Голощекин, 30-жылдардан бастап НКВД басшылығына дейін көтерілген Ежов (кезінде 20-жылдары Семей өлкесінде партиялық басшылық қызметте болған), 1933-1938 жылдары бірінші басшы Л.Мирзояндар басым бөлігін атқызды, қалғанын жер аудартты. Есімдерге елге танымал небір ардақтыларымыз 1927-1931 жылдар аралығында бүкіл әулеттерімен жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Сотсыз атылу, ауыр үкіммен өлім жазасына кесілу, жер аударылу, еріксіз елден сыртқа кету, тірідей қайтпас кен орындарына ауыр жұмысқа жегілу осы әулеттердің басына түскен қасірет болды. Зұлматты 30-жылдары «кеңестік» жаңа өмірге күшпен бет түзеген қазақ ауылдарының қарапайым азаматтары мен белсенділері қатарында «антисоветтік» көзқарастары үшін және «антисоветтік күштер» қатарында болған деген желеумен ату жазасына кесілді, ұзақ мерзімге сотталды. «Кісенді кісі қаша алмас, айдаған жаққа жүреді» деп ғұлама Жүсіп Баласағұн айтқан жайтты бастан кешірді. Алайда, өткен ғасырдың 20-50 жылдарғы кеңестік өкімет кеңістігіндегі барлық халықтарды тоталитаризм қыспағында ұстағанымен, халықтық рухты тұтастай жоя алмаған еді. Ұлттық рух сақталып қалды», - деді Ерлан Сайлаубай.

Институт директоры Мемлекет басшысының үндеуі бүкіл қоғамға қажет ой салғанын баса айтады.

«Қасіретті жылдар құрбандарының есімдерін толық анықтау, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізу бүгінгі қоғамның міндеті. Бұл іске үлкен мән беру, қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімдерін анықтау, деректік құжаттарын анықтау бүгінгі ұрпақ -біздің адами парызымыз. Өткен тарихымыз санамызға қанша ауыр болса да біздің жадымызда сақталатыны ақиқат дүние. Тарихымызды қаралы беттерін сындарлы саралау арқылы ғана жарқын болашақты қамтамасыз етуге болады. Біздер бұны әсте естен шығармауымыз керек. Ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетіміз, тарихи парасатты зердеміз, білікті біліміміз бен биік мәдениетіміз, зайырлы демократиялық ұстанымдарға негізделген қоғамымыз және ең бастысы өрісті санамыз ғана қасіреттер мен күйретулерден сақтайтынын жадымыздан бір сәтке де шығармауымыз керек»,- деді Ерлан Ерназарұлы.


Жоғары қарай