Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кәсіпкерлер жалдау төлемін тоқтата тұруға өтінім бере алады

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 17:03

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев онлайн брифинг барысында шағын және орта бизнес өкілдерінен жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтінім қабылдап жатқандарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласының әкімдігі биыл 20 наурыз бен 19 маусым аралығындағы кезеңде шағын және орта бизнес өкілдерімен 612 жалдау шарты бойынша жалдау төлемдерін есептеуді тоқтатты. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігіне түсімдер бойынша жоспар 170,1 млн теңгеге қысқарды.

«Төтенше жағдай кезінде ҚР Қаржы министрлігі мен «Ақпараттық есепке алу орталығы» АҚ шағын және орта бизнестегі жалға алушыларға төлемдерді тоқтата тұруға қосымша келісімдер жасауға мүмкіндік беретін уақытша қызметті әзірледі. Осы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарына шағын және орта бизнес үшін жалдау ақысын 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін тоқтата тұруды тапсырды. Сондықтан 4 қыркүйектен бастап өтініш қабылдайтын сайт қызметі қайта іске қосылды», - деді Рүстем Әлиев.

Сонымен қатар ол бүгінгі жағдай бойынша жалдау төлемдерін тоқтата тұруға 280 өтінім түскендігін атап өтті.

«1 қыркүйектен жыл соңына дейін әкімдік шағын және орта бизнестің жалға алушыларымен 499 жолдау шарты бойынша есептерді тоқтата тұрады. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігіне түсім жоспары 206 млн теңгеге қысқарады. Көктемдегі және осы жолғы тоқтата тұруды ескерсек мемлекет бюджетіне түсетін жалпы сома 376 млн теңгеге азаймақ».

Сондай-ақ, ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы Telegram қосымшасында gosaktivy_bot чат-ботын іске қосылғанын жеткізді. Мемлекеттік мүлікті жалға алу бойынша барлық сұрақтарға виртуалды кеңесші жауап бере алады.


Жоғары қарай