Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Кәсіпкер блокпосттағы қызметкерлерге үш мезгіл тамақты тегін жеткізуде

2020 жылдың 7 сәуір 2020 23:57

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Келес ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов блокпосттарда тәулік бойы кезекшілікте тұрған мамандарды үш мезгіл ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жеке бизнесі Қарағанды қаласында шоғырланғанына қарамастан, елдегі жағдайды сырттан бақылап отыра бермей, қиын кезде жұртқа жәрдем беруді азаматтық парызы санаған кәсіпкер туған өңірге қашықтықтан ұйымдастырып көмегін көрсетіп отыр. «Біз біргеміз» акциясы аясында 5 сәуірден бастап Жетісай, Шардара, Төлеби аудандарында өз мамандарымен блокпосттарда аянбай ақысыз қызметтерін көрсетуде.







«Төле би мен Жетісай аудандарындағы блокпосттарда тәулік бойы кезекшілікте тұрған мамандарды тегін үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз: олар Жетісайда 30-ға жуық блокбекет мамандары, Төле би ауданында аралығы 25 шақырым болатын 5 блокбекетте 60-қа жуық маман. Қажетті шығындарды: азық-түліктерді, көліктер мен жанармайды, жұмысшылардың жеке сақтану керек-жарағын, антисептиктерді өз тарапымыздан алдық. Екі сағаттық қашықтықтағы блокбекеттерге тамақ арнайы термобокстармен ыстық күйінде жеткізілуде. Бұдан бөлек, Шардарада карантинге алынған медицина қызметкерлерін жергілікті демеушілер алып келген азық-түлік есебінен асхана блогын ұйымдастырып, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтып жатырмыз. Асхана жұмысшылары қорғаныш құралдарымен және антисептиктермен жарақтандырылған. Елге ауыртпашылық түскен осындай кезде ел азаматтары аянбай еліне, жұртына жәрдем беруі керек деп ойлаймын», - деді кәсіпкер.

Айта кетерлігі, Данияр Қалымбетов басқаратын ұжым мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Түркістан облысының 20 мектеп-интернатының асханаларын жаңғырту жəне пайдалану келісім шартымен жұмыс істеуде.











Жоғары қарай