Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қаржы пирамидасын құруға қатысқан блогерлер мен вайнерлер жазаға тартылуы мүмкін

2021 жылдың 6 шілде 2021 19:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас прокуратура қаржы пирамидасын құруға қатысы бар вайнерлер мен блогерлерді жауапқа тарту мәселесін пысықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы еліміздің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты.

«Баяндалғанмен қатар, тергеу барысында блогерлердің, вайнерлердің жəне басқа да атақты адамдардың қаржы пирамидасын құруға қатыстылығы анықталған жағдайда қылмыстық қудалау органдары олардың əрекеттеріне тиісті құқықтық баға беру жəне көмектескені үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы мəселені шешу қажеттігіне бағдарланған», - деп жазылған жауапта.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі бұған мүмкіндік береді.

«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша тиімді шаралар əзірлеу үшін құрамында Бас прокуратура, ІІМ, Қаржымині, АҚДМ, Ұлттық Банк өкілдері бар ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын хабарлаймыз. Жұмыс тобы аясында азаматтық қоғам институттарын тарта отырып, ынтымақтастық туралы меморандум əзірленіп, медиа-жоспар бекітілді», -делінген Бас прокурордың жауабында.

Сондай-ақ, ол жеке тұлғалардың қаржы ұйымдарын жарнамалауға заңнамалық тыйым салуды енгізу мәселесі де қаралып жатқанын айтады.

«Биыл 4 наурызда заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысында осы мәселе талқыланып, жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар берілді», - деді Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс өкілдеріне берген жауапта.


Жоғары қарай