Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарулы Күштерге 6700-ден астам қазақстандық шақырылады

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 20:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 17 мыңнан астам адамды әскерге шақыру жоспарлануда. Оның ішінде 6700 жас сарбаз Қарулы Күштерге, қалғандары Шекара қызметі мен Ұлттық ұланға қызмет етуге аттанбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізу медициналық комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Әскерге шақырылушыларды іріктеу мен бөлу барысында денсаулық жағдайы, олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі. Физикалық дайындығы жоғары, моральдық және психологиялық тұрғыдан төзімді жастар Теңіз жаяу әскерлерінің, Десанттық-шабуылдаушы әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелеріне бара алады.

2020 жылғы көктемгі әскерге шақыруды талдау деректері бойынша әскерге шақырылушылардың 50% орта білімі, жас буындардың 47% техникалық және кәсіптік, 3% жоғары білімі бар. Бұл ретте қазіргі әскерге шақырылушылардың арасында Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің түлектері де аз емес.

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шараларын күшейту мақсатында жинақтау пункттерінде медициналық бекеттер орналастырылған. Сонымен қатар, облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілді.

Әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге жөнелту алдында міндетті түрде ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі.

Бөлімге келгеннен кейін жас толықтырушылар екі апталық карантинге орналастырылады, сондай-ақ медициналық тексеру жүргізіліп, әскерге шақырылушының әлеуметтік психологиялық мәртебесі белгіленеді.

Қазақстанда күзгі шақыру 1 қыркүйекте басталды. Әскерге шақыру науқаны желтоқсанның соңында, әскерге шақырылушылардың соңғы легі бөлімге қызметке аттанған кезде аяқталады.

Әскерге шақыру комиссиясының мүшелері атап өткендей, соңғы жылдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын толықтыруға ниет білдірушілер санының өсімі байқалады. Көптеген жастар қызметті пайдалы және қажет деп санайды. Әскерде жарты жыл қызмет еткен, техникалық, кәсіптік немесе жоғары білімі бар жастар жақсы нәтиже көрсетіп, келісімшарт бойынша әскери қызметке орналаса алады.


Жоғары қарай