Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мерзімі ұзартылды

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 22:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында берген тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау 2022 жылға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жобаларын қаржыландырудың жалпы сомасы - 1 трлн теңге. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешендегі өңдеуге 300 млрд теңге, АӨК-тегі өндіруге 300 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтерге 400 млрд теңге көзделеді.

Айта кету керек, қаржыландыруды ҚР Ұлттық банкі өз қаражаты және басқаруындағы қаражат есебінен ұсынады. Бағдарламаның операторлары –екінші деңгейдегі банктер және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.

Бұдан басқа, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы жұмысын жалғастырады.

Еске салсақ, «Қарапайым заттар экономикасы» 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып кееді және ол кредит бойынша пайыз мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауды және кредитке кепілдік беруді қарастырады. Соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-ға дейін төмендетілді. Кредиттеу мерзімі 10 жылдан аспайды. Кредит сомасына шектеу жоқ.

«БЖК-2025» бағдарламасымен 2020 жылдан бастап салалық шектеусіз жылдық 6% мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге, кредит сомасы 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген кредит беріледі.

«БЖК-2025-ті» қолдаудың негізгі қаржы құралдарына пайыз мөлшерлемесін субсидиялау және кәсіпкерлердің кредитіне кепілдік беру, мемлекеттік грант беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу кіреді. Кәсіпкерлерді қаржысыз қолдаумен бизнесті жүргізуді оқыту және болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу бойынша жобалар кешені көзделген.

«БЖК-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асырудың барлық кезеңінде шағын және орта кәсіпорын субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. 36 трлн теңге өнімдер мен қызметтер шығарылып, жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге бюджетке салық төленді.


Жоғары қарай