Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Карантин жарияланғалы қала көшелерінде жүру жеңілдеп қалды - жедел жәрдем жүргізушісі

2020 жылдың 15 сәуір 2020 22:21

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте карантин жарияланғаннан бері қала көшелерінде көліктер азайып, жүру жеңілдеп қалған.

Қалалық жедел жәрдем стансасының жүргізушісі Елмұрат Махаммедов төтенше жағдай кезінде науқастарды тасымалдау уақыты азайғанын айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жедел жәрдем қызметінде он жылдан астам уақыт бойы жүргізуші болып жұмыс істейтін Елмұрат Махаммедовтың айтуынша, ол төрт тәулікте бір күн кезекшілікке түседі. Негізінен науқастанған балаларды тасымалдайтын жүргізуші жұмысының оңай еместігін жақсы түсінеді. Ал, қауіпті індет шыққалы бері жауапкершілік те арта түскен.

«Мен негізінен балалар реанимациясы бойынша дәрігерлерді тасымалдаймын. Қазір карантин болғандықтан, сақтанып жүреміз. Таңертең жұмысқа барғанда бір реттік арнайы киімдер киіп аламыз. Егер науқаспен байланыста болған адамды тасымалдасақ, онда киімімізді толықтай ауыстырамыз. Коронавирус шыққалы бері уайымдайтын кездеріміз болады. Дегенмен бір-бірімізге қолдау білдіріп, көңілімізді көтеруге тырысамыз. Қалай дегенде адам өмірін сақтап қалу, оларды дер кезінде ауруханаға жеткізу жауапты міндет екенін жақсы түсінеміз»,- дейді Елмұрат Махаммедов.

Жедел жәрдем жүргізушісі аса жауапты жұмысты билік тарапы ескеріп, үстемақылар төлене бастағанына ризашылығын білдіреді. Мәселен, өткен айдағы жұмысына үш баланың әкесі қомақты қаражат алған. Оны қажетіне жұмсаған жедел жәрдем қызметкері үстемақының өзін жұмысқа ынталандырып, жұмысқа деген жауапкершілігін арттыра түскенін айтады.

«Өткен наурыз айында төрт рет кезекшілікке түстім. Ол жұмысым үшін қосымша 103 мың теңге төленді. Өте риза болып қалдым. Үш балам мен немерелерімнің қажетіне жұмсамақпын. Қасымдағы дәрігерлер мен фельдшерлер де үстемақы алып жатыр. Барлығымыз да мемлекетіміздің бұл қамқорлығына алғысымызды айтамыз»,- дейді Елмұрат Махаммедов.


Жоғары қарай