Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантин салдарынан СҚО-да 1 мыңға жуық кәсіпкер жұмысын тоқтатты

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 15:23

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантинді енгізу салдарынан 1 мыңға жуық кәсіпкер ісін тоқтатып, 4 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың бизнес-қауымдастықтарының мәселелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен болған онлайн-кеңесте қаралды.

Аймақтағы жағдаймен өңірлік кеңестің төрағасы Олег Иванов таныстырды. Оның айтуынша, СҚО-да 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның 65% жеке кәсіпкерлер болса, 15% шаруа қожалықтары.

«Карантин енгізілгенге дейін өңірде 104 мың адамды қамтыған 30 мыңнан артық бизнес субъектісі болды. Карантиндік шектеулер алынысымен олардың 29 мыңнан астамы ғана жұмысын жалғастырды. Салдарынан 4 мың адам жұмыссыз қалып, өндіріс көлемі 15% қысқарды. Жұмыссыз қалғандардың 2 мыңы сауда саласында еңбек еткен. Мәдениет, көңіл көтеру және демалыс, қызмет көрсету салалары да бар», - дейді Олег Иванов.

Жергілікті кәсіпкерлер көтерген тағы бір мәселе – Қазақстан-Ресей шекарасынан жүк өткізу. Көрші мемлекеттің бірқатар шекара бекеті жүк көлігін сканерлейтін құрылғылармен жабдықталмаған. Әсіресе Солтүстік Қазақстан мен Қорған облыстары арасындағы шекара бекетінде бұл аса өзекті.

«Сканерлердің жоқтығынан жүк тасымалдаушылар артылған жүкті қайта шығарып, тексеріп болғаннан кейін қайта артып отыруға мәжбүр. Бекеттерде ол үшін арнайы бригадалар бар. Алайда олардың қызметі 50 мың теңгеден басталады. Жүк тасымалдаушылар сканерлері бар бекеттерден өтуге тырысады. Бірақ ол үшін қосымша 700 шақырым жолды жүруі керек. Бұл шығындар, тауардың бағасына әсер етеді. Тек қана бір шекара бекетінен бір тәулікте ғана 380 жүк машинасы өтеді. Сканердің жоқтығынан кәсіпкерлер бір тәулікте орта есеппен 19 млн теңгеге шығынға батады», - дейді аймақтық кеңестің төрағасы.

Т.Құлыбаев онлайн-кеңесте айтылған өзекті мәселелерді Үкіметте көтеретінін айтты.


Жоғары қарай