Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантин құшағындағы елорда: Қалада тәртіп қалай сақталуда

2020 жылдың 1 сәуір 2020 15:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада коронавирус індетінің таралуына байланысты карантин енгізілгеніне де бірнеше күн болды. Дегенмен, қала өз тіршілігімен өмір сүруде. Тұрғындардың дүкенге барып азық-түлік, дәріханадан керекті дәрі-дәрмек алуына, жұмысына баруына ешкім тыйым салмаған. Бірақ, көшеде бейсауат жүруге тыйым бар екендігі белгілі. Осыған орай ҚазАқпарат тілшілері қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалауға жұмылдырылған полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысып қайтқан болатын.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық полиция басқармасына жеткенімізде полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерінің жауынгерлері кешкі шолғындау жұмысына шығу үшін сап түзеп жатты. Біраз уақыттан кейін басшылықтан нақты нұсқаулық алған олар қаланың көшелеріндегі қоғамдық қаупсіздікті қамтамасыз ету үшін өздеріне бекітілген нақты бағдар бойынша қзыметтерін атқару үшін жан-жаққа тарап кетті.







Жалпы, полиция қызметкерлерінің айтуынша, олардың қызметі таң қылаң бере басталып, түн ортасына дейін жалғасады. Екі ауысыммен жұмыс істейтін олар қоғамдық тәртіпті бақылап, карантин режимінің сақталуын жіті назарда ұстайды.

«Полиция қызметкерлері күн сайын бірінші ауысымда таңертеңгі 8-ден 16-00-ге дейін, екінші ауысымда сағат 16-00-ден 23-00-ге дейін Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің жауынгерлерімен қала көшелерін шолғындауға шығады. Оларға біздің аудан бойынша бекітілген бағдар бар. Біз халыққа коронавирус індетініңтаралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдау қажеттігін ескертіп, тұрғынарға аса қажеттілік болмаса үйде отыру керектігін түсіндіреміз. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектлерін карантин кезінде жұмыс істемеуін қадалағаймыз», - деді Алматы аудандық полиция басқармасы жергілік полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі Қанат Нысантаев.







Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта жұмыс штаттық режімде жүргізіліп жатыр. Әзірше полиция қызметкерлері қала көшелерінде кездескен бейсауат жүргіншілерге карантин кезіндегі талаптарды қатаң сақтауды ескертуде. Көшеде жүрген адамдарды полиция қызметкерлері арнайы электронды базаға енгізіп қояды. База тұрған адамдар карантин талабын екінші рет бұзса айыппұл төлеуіне тура келеді. айыппұл көлемі де қомақты. Шамамен 27 мың теңге.




«Егер олар біздің ескертуімізді қаперге ілмейтін болса, онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік жауапкершілік тартуға мәжбүр боламыз. Жалпы, халықтың басым бөлігі түсіністікпен қарайды. Барлығы да әлеуметтік желіден оқып-білген, жағдайдың күрделі екендігінен де хабардар. Кеше бірнеше ауланы аралап шығып, арнайы алаңдарда ойнап жүрген балаларды кездестірдік және ата-аналарына ескерттік. Нәтиже де бар. Қазір аулалардың 99 пайынан бала көрмейсіз. Учаскелік испекторларымыз тұрғындардың мессенджерлердегі чатына тіркелген және оларға қажетті ақпаратты жеткізіп тұрады», - деді Қанат Нысантаев.










Шынымен де бүгінде қала көшелерінде көліктің де, жүргіншілердің легі бірнеше есе төмендеген. Полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылау мақсатында көшеге шыққанызда кездескен адамдар не жұмыстан, не ауруханадан келе жатқандығын дәлелдейтін анықтамаларын көрсетіп жатты.

Айталық, шолғындау жұмысына кіріскен полиция қызметкерлеріне ең бірінші кездесіп қалғае Земфира есімді қала тұрғыны жұмыстан келе жатқандығын айтып, оны дәлелдейтін арнайы құжатын да көрсетті.

«Үлттық клиникадағы жұмысымнан келе жатырмын. Жұмысым сағат 17-00-ге дейін. Қазір ғана полиция қызметкерлері тоқтатып, анықтамамды көрсеткеннен кейін жіберді»,- деді ол бізге.




Полиция қызметкерлерінің назарына іліккен келесі медициналық маскасыз тұрғын «Встреча» дүкені маңында кездесті. Ол өзіне қарай беттеп келе жатқан полиция қызметкерлерін байқай салысымен бет-ауызын мойындағы мойынорағышымен қымтауға тырысты. Құқық қорғаушылар оған ескерту жазып, жеке мәліметтерін электронды базаға тіркеп алды.







Жалпы қала көшелерінде кездескен тұрғындардың басым бөлігі дүкенге азық-түлік алуға немесе дәріханаға дәрі алуға бара жатқандар болды. Медициналық қызметке жүгініп келе жатқандар да кездесті. Мәселен, полиция тоқтатқан тағы бір азамат травматология орталығынан медициналық көмек алып келе жатқанын дәлелдейтін қағаздарын көрсетті.

Көшеде мас күйде келе жатқан азамат та кездесті. Оны полиция қызметкерлері ұстап алып кетті.




«Оны наркологияға алып барады. Егер мас болу деңгейі жоғары болса, онда қоғамдық орында және карантин режимі кезінде осылай жүргені үшін әкімшілік айыппұл рәсімделеді», - деді Қанат Нысантаев.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы көлік жүргізушілеріне де ескерту жасалып жатқанын айтады. Ал карантин ережесін өрескел бұзып, қолға түскендердің көлігі бірден айыптұрағына қойылады. Дегенмен, қала көшелерінде көлік өте аз екендігін айта кету керек.







Карантин басталғалы бері қалада тіркелетін қылмыс саны да күрт төмендеген. Тіпті жоқ десек те болады.

«Жалпы, қала көшелерін шолғындауға адам жеткілікті. Себебі Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің жауынгерлері көмекке келді. Бізде 140 бағдар бар және бір бағдарда 3 адамнан күнделікті шолғындау жүргізеді», - деді ол.











Жоғары қарай