Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Карантин: Қарағандыда 13 маусымнан бастап қандай шектеулер енгізіледі

2020 жылдың 11 маусым 2020 20:19

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында карантиндік шаралар қайта күшейтілмек. 13 маусымнан бастап сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар да шектеулі уақытпен жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай шешімнің себептерін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров түсіндірді.

«Өкінішке орай, карантиндік шараларды жеңілдету тұрғындардың бейқамдығына алып келді. Көптеген адамдар бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, қауіпсіздік ережелерін елемейді. Тыйым салынғанына қарамастан, көптеген адамдардың қатысуымен отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық жағдайларын эпидемиологиялық тексеру нәтижелері дәлел болып отыр», - деп атап өтті облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Карантиндік режим талаптарының 77 нысанда бұзылғаны анықталды.

Қоғамдық көлікте жүргізушілер мен жолаушылар міндетті маскалық режимді сақтамайды.

Облыста COVID-19 жұқтырғандар саны қарқынды өсіп келеді. Бүгінгі күні 1 290 жағдай тіркелген. Жеті адам КВИ-дан қайтыс болды.

«Өңірді вирусты жұқтырғандар өскенін ескере отырып, қалыптасқан эпиджағдайға баға бере отырып, біз облыста карантиннің қатаң шараларын енгізу туралы шешім қабылдадық», - деді Қанат Асқаров.

2020 жылғы 13 маусымнан бастап:

- қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді;

- құқық қорғау, арнайы қызметтер мен медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түрлеріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.

- Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады.

- Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін Жезқазған, Қарқаралы, Шет ауданы Жарық кентінің карантиндік аймақтарының периметрі уақытша белгіленеді. Олардың кіру және шығу жолдарында блок бекеттер орнатылады.

- Бірқатар нысандар үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі.

ХҚКО келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды.

Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (орталықтары) жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері-09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері-09.00-ден 13.00-ге дейін.

Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашылады. Демалыс күндері санитарлық күн өткізу үшін жабылуы тиіс.

- Стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (дүңгіршектер, донерханалар, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және т. б. жерлерде орналасқан нысандар) қызметіне тыйым салынады.

- Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда), ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс форматына көшуі тиіс.

- 65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығу шектеледі.

- 14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз жүріп-тұруына, сондай-ақ отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуына тыйым салынады.

- Қарағандыда, Майқұдық аумағында саябақтар, балалар аула алаңдары жабылады, гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулыларындағы талаптардың сақталуын бақылау күшейтіледі. Тәртіп бұзушыларды қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жазалайтын болады.

Облыстың бас санитарлық дәрігері қарағандылықтарды барлық ережелерді қатаң сақтауға шақырды.

«Тек осылайша, бірлесе күш-жігер жұмсай отырып, COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, шектеусіз қарапайым өмірімізге қайта орала аламыз», - деп атап өтті ол.


Жоғары қарай