Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантин: Қандай спортшылар шетелдегі жарыстарға бара алады

2020 жылдың 19 қазан 2020 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан аумағынан тыс спорттық сайыстарға қатысу үшін қай спортшыларға шетелге шығуға рұқсат берілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ведомствоаралық комиссияның 13 қазандағы хаттамалық шешімі негізінде «Астана» президенттік баскетбол клубының мүшелеріне ВТБ Біріккен Лигасының чемпионатына қатысу үшін елден шығып, қайта оралуға рұқсат етіледі. Бұл шешім ВТБ Біріккен лигасының чемпионат матчтары кезінде санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды өткізу тәртібін әзірлегенін ескере отырып қабылданды», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралардан бас тартқан жағдайда команданы чемпионатқа қатысушылар қатарынан шығарып жіберуі мүмкін.

«Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы туралы: қазіргі уақытта УЕФА-да Қазақстанның үш ұлттық құрамасы ойнайды. Олар: Қазақстанның ұлттық құрамасы, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы және Қазақстанның әйелдер құрамасы. Бүгінгі таңда аталған командалардың матчтарға қатысу кестесі жасалды. Сондай-ақ, УЕФА талаптарына сәйкес, Қазақстан құрамасы бірқатар жолдастық кездесулер өткізуі керек, әйтпесе регламентке сәйкес айтарлықтай шектеуге ұшырайды. Ведомствоаралық комиссия хаттамасының 20 шілдедегі шешіміне сәйкес, 2020 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін УЕФА Ұлттар лигасының матчтарына қатысу үшін ұлттық, жастар және әйелдер құрамасына УЕФА-ның Ұлттық лигасында және жастар арасындағы Еуропа чемпионатына қатысу мақсатында елден кіріп, шығуға рұқсат етілген», - деді министр.

Ақтоты Райымқұлова бұл ретте спортшылардың денсаулығына баса мән берілетінін жеткізді.

«Барлық турнирлер көрермендердің қатысуынсыз өтеді, тек спортшылар ойнайды. Бұл - бүкіл әлемдегі тәжірибе. Өздеріңіз білетіндей, Олимпиада ойындарын, Әлем чемпионаттары мен Еуропа чемпионаттарын бір жылдан аз уақыттың ішінде өткізу жоспарланған. Біздің спортшылардың ол сайыстарға қатысуы, олардың спорттық формада болуы аса қажет. Сондықтан барлық тәуекелдерді ескере отырып, қажетті шараларды нормаларға сәйкес жүзеге асырып, ҚР Ведомствоаралық комиссия осы іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. Біз өзіміз барлық нормалардың сақталуын қадағалаймыз», - деді ол.


Жоғары қарай