Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Карантин: Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері өңірдегі ахуалға баға берді

2020 жылдың 24 қараша 2020 21:02

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы тәулікте облыста 68 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның ішінде Көкшетау қаласында 42 жағдай тіркелді, Степногор қаласында – 9, Бурабай ауданында – 7, Атбасар және Зеренді аудандарында 4 жағдайдан, Бұланды және Сандықтау аудандарында 1 жағдай анықталды», - деді А.Мусина.

Сонымен бірге, облыста ПТР тест арқылы 506 жағдай тіркелсе, оның 410 адам сауығып шықты, 69 науқас ем қабылдап жатыр.

Өткен аптамен салыстырғанда облыста науқастардың саны Егіндікөл ауданын есепке алмағанда 1,5 есеге артқан.

«Қараша айында науқастардың көп тіркелген өңірлер, Көкшетау - 546, Степногор - 116, Бурабай ауданы - 80, Зеренді ауданы - 34, Бұланды ауданы - 26, Атбасар ауданы және Сандықтау ауданы – 22 жағдайдан. Осы ретте, өңірде коронавирус жұқтырғандардың жалпы санының 58 пайызы облыс орталығының үлесінде», - деп атап өтті облыстың бас санитарлық дәрігері.

«Науқастардың саны артуына ең бірінші карантиндік шаралардың сақталмауы себеп болып отыр. Эпидемиологиялық зерттеулер бойынша адамдар көп жүретін жерде маска кимей жүру, қоғамдық көліктерде әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, адамдардың көпшілік орындарға баруы коронавирус инфекциясының таралуына әсер етуде. Сонымен бірге, қоғамдық тамақтану орындары мен жеке коттедждерде көпшілік шаралар өткізуге жол берілуде», - деді А.Мусина.

Айта кетейік, Ақмола облысында 1 қыркүйектен бері 68 оқушы коронавирус жұқтырған болатын. Сондай-ақ, Ақмола облысы коронавирус бойынша қауіптіліктің «қызыл аймағына» кірді.



Жоғары қарай