Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылық жастар садақ атудан республикалық турнирде жеңіске жетті

2021 жылдың 30 қазан 2021 09:44

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бұқар Жырау ауданының Ботақара кентінде садақ атудан еліміздің ашық турнирі өтті. Оған Нұр-Сұлтан қаласынан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан 50-ге жуық садақшы қатысты. Қарағандылықтар 11 жасқа дейінгі және 12 жастан 15 жасқа дейінгі жас санатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш іс-шара ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған.

«Осындай ауқымдағы садақшылар турнирі бізде алғаш рет болып отыр. Біз оны лайықты деңгейде өткізе алғанымызға қуаныштымыз. Қатысушылар бес жас санаты бойынша жарысты. Олар – 11 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар, 12 жастан 15 жасқа дейінгі және 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 18+ ерлер мен әйелдер», – деді турнир ұйымдастырушысы Айдархан Әбдірахманов.




11 жасқа дейінгі жас санатындағы қатысушыларға 5 жебе берілді. Финалда олар бір минутта 15 метрден нысанаға тиюі керек еді. Белгілерге неғұрлым көбірек оқ тисе, балл соғұрлым жоғары болады.

Жасөспірімдер үшін бұл қашықтық 25–30 метрге дейін ұлғайтылды. Ал ересектер нысана нүктесіне 35–40 метр қашықтықтан тиюі керек болды.




«Турнир жоғары деңгейде өтті. Бізде дәстүрлі садақ атуды жандандыратын көптеген адамдар бар екеніне қуаныштымын. Жарысқа қатысушылар жақсы нәтижелер көрсетті. Мен турнирге Нұр-Сұлтан қаласынан қатысушыларды алып келдім және өзім де «Ерлер 18+» санатындағы жарысқа қатыстым. Екінші орын иелендім», – деді Sadaq aty республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.

Қарағандылықтар Анастасия Ковалева (11 жасқа дейінгі) және Ярослав Григорьев (12–15 жас), сондай-ақ Нұр-Сұлтаннан келген садақшылар Ахмади Балтобек (16–18 жас), Әдемі Қажығалиева және Азамат Нұртаев (18+) турнир жеңімпаздары атанды.

Олар медаль-грамота және сыйлықтармен марапатталды.














Жоғары қарай