Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда жас кәсіпкерлерге арналған семинар өтті

2020 жылдың 16 шілде 2020 19:29

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда жас кәсіпкерлер үшін онлайн-оқыту семинары ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен өткен онлайн-семинарға бизнес-жаттықтырушылар, жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен жас кәсіпкерлер қатысты.

Өз сөзінде Абзал Нүкенов жастарды бизнесті қолдау үшін бөлінетін гранттар байқауына қатысуға белсенділік танытуға шақырды.

«Жас кәсіпкерлердің идеялары көп. Біздің өңірде 10 жылдан астам уақыт бойы жастар кәсіпкерлігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы уақыт аралығында өңірдегі 188 жас адам 53,5 млн теңге көлемінде ақшалай грант алды. Белсенді жастар облыс әкімінің грантын алып, өз жұмысын табысты жалғастыруда. Өткен жылдан бастап жас кәсіпкер үшін әрбір гранттың мөлшері екі еселенді. Ал осыдан бастап олардың саны 10 есе өсті. Гранттарды тағайындау үшін конкурстар жарияланды», - деді бизнестің жас өкілдеріне Абзал Нүкенов.

Семинардың ұйымдастырушылары атап өткендей, биылғы жылдан бастап байқауға қала тұрғындары да қатыса алады. Бұрын гранттарды ауыл жастары ғана алған болатын.

«Бұл жоба жаңа бизнестің ашылуын және жұмыс істеп тұрған бизнесті дамытуды қолдауға арналған. Жас кәсіпкерлер бастаған қызметтердің негізгі бағыттары - мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, жылыжай ісін, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін ұйымдастыру және өндіру, техникалық қызмет станциясы т.б. болып табылады.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биылғы жылы жобаларға бөлінген сома 10 млн-нан 100 млн-ға дейін ұлғайтылады. Гранттар 100 жобаға әрқайсысына бір миллион теңгеден бөлінетін болады», - деді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Семинар аясында тренерлер жобаға қатысу үшін өтінімдерді құрастыру, бизнес-жобаларды жазу және есептеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Алғашқы 50 грантқа өтініштер қабылдау 10 шілдеде басталып, 10 тамызға дейін жалғасады. Қалған 50 өтінім 10 тамыздан бастап қабылданады.

Жалпы байқау қазан айының соңында аяқталады.


Жоғары қарай