Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда өрт шыққан үйден 10 адам құтқарылды

2021 жылдың 14 қазан 2021 15:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда өрт шыққан үйден 10 адам эвакуацияланды. Олардың арасында екі бала болды. Соңғы тәулікте қарағандылық құтқарушылар 12 рет өрт сөндіруге шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 қазанда кешке сағат 20:27-де Пичугин көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өтініш беруші өртеніп жатқан пәтерде балалар болуы мүмкіндігін айтты. Шақыру орнына жедел келген өрт сөндірушілер дереу адамдарды құтқаруға кірісті.

«Барлау жүргізген кезде 3 қабаттағы пәтердің асүйінде жалпы көлемі 6 шаршы метр жердің жанғаны анықталды. Қатты түтін салдарынан кіреберістегі пәтерлерден бірнеше тұрғын өздігінен шыға алмай қалған. Өрт сөндірушілер құтқару қалпақтарын қолдана отырып, кіреберістен 10 адамды, оның ішінде жанып жатқан пәтердің үстіндегі пәтерде болған 2 баланы алып шықты. Тепловизордың көмегімен барлық іргелес және жақын орналасқан пәтерлер тексерілді. Қабылданған шаралардың арқасында өрт 21:05-те сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Өткен тәулікте Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері 20 рет шақыртуға шыққан, оның ішінде өрт сөндіруге 12 рет, авариялық-құтқару және іздеу жұмыстарына 8 рет шыққан. Жалпы есептегенде 17 адам құтқарылды.

5 өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болғаны анықталды. Бұл ретте пештер мен түтін мұржаларын орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы оттың тұтануына себеп болған.


Жоғары қарай