Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қарағанды түрмесінде сотталғандар домбыра жасап, мәдениет үйіне сыйлады

2020 жылдың 2 шілде 2020 22:35

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласындағы АК-18 мекемесінде жазасын өтеушілер домбыра жасап, ұлттық аспапты жергілікті мәдениет үйіне сыйға тартты. Сондай-ақ шеберлер Абай домбырасын жасауды қолға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғаны белгілі. Сол себепті, елімізде жыл сайын аталып өтілетін бұл мерекенің ұлттық руханиятымызға қосатын үлесі зор. Бұл киелі аспаптың қазақ халқының тарихында алатын орны ерекше. Домбыра – қазақтың киесі, жан–дүниесі, рухани қазынасы.

АК - 18 мекемесінде халқымыздың осынау киелі өнеріне құрмет көрсету, оны жаңғырту ісі жолға қойылған. Оның бір дәлелі мекемеде жазасын өтеушілер үшін ашылған қолөнер бұйымдары цехында халқымыздың ардақ тұтар музыка аспабы домбыраныңнақышына келтіріліп жасалуын айтуға болады.







«Домбыраның осы қалпында дүниеге келу тарихы тереңде жатыр. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының қайтыс болғанын қаһарлы қағанға сол кезеңдегі дарынды күйші, би де болған Кетбұға домбыраның үнімен естірткені тарихтан аян. Жалпы, киелі домбыраның сан түрі бар. Жасалу әдістері де әртүрлі. Біз домбыра жасау ісін жалғастыра беретін боламыз. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай үлгісіндегі домбыралар жасап шығару ойымызда бар. Бұған мекеме әкімшілігі барлық жағдайды жасап қойған. Құрал-жабдықтар жеткілікті. Осы маңызды істің басы-қасында болып, қолдау көрсетіп отырған мекеме әкімшілігіне алғысымызды айтамыз», - дейді мекеменің цехында домбыра жасау ісінің шебері, жазасын өтеуші.

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев: «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші жарым, келші балам...» деп жырға қосқанындай, домбыра «мен қазақпын» деген әр азаматтың төрінен орын алуы тиіс, деп санайды шебер. Және де бұл бұйымдарын қазақ өнерін көпшілікке паш етіп жүрген өнер адамдарына сыйлық ретінде табыс етуді жөн көрген екен.

«Мен бар өнерімді салып жасап шығарған қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті болып табылатын осы бір киелі музыка аспабы - домбыраны Қарабас кентінің Мәдениет үйінің игілігіне пайдалануы үшін шын ниетіммен ұсынамын», - деді ол.





Жоғары қарай